Түркістан облысында ауылдық жердегі мал базарынан жабайы аю салынған темір тор табылды

Күні: 15:53, 08-02-2019.

Алматы. 8 ақпан. ҚазТАГ – Түркістан облысында ауылдық жердегі мал базарынан жабайы аю салынған темір тор табылды, деп хабарлады өңірдегі ПД баспасөз қызметінен.
«Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция бөлімшесінің «102» тетігіне жергілікті тұрғын хабарласып, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында орналасқан жаңа мал базарының аумағында аю жануарының темір тор ішінде тұрғанын айтқан. Келіп түскен хабарлама бойынша Сайрам АПБ полициялары, Түркістан облысы аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы мен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары бірлесе тексеріп, аталмыш мал базарында 2х3 өлшемді темір тордың ішінде ақшыл-қоңыр түсті жабайы аюдың тұрғанын анықтады»,- деп хабарлады жұма күні ПД.
Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 339-бабына («Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу») сәйкес сотқа дейінгі тексеру басталды.
«Қазіргі таңда аю Шымкенттегі зоопаркке орналастырылған»,- деп хабарлады полицейлер.


Жаңалықтармен бөлісу: