Түркістан облысында білім бөлімінің 20-ға жуық шенеунігіне 2,6 млрд теңге сома жымқырды деген айып тағылуда

   Түркестан.1 желтоқсан.ҚазТАГ- Түркістан облысында білім бөлімінің 20-ға жуық шенеунігіне 2,6 млрд теңге сома жымқырды деген айып тағылуда, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
   «Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде жүйелі негізде жымқырды деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті тұлғалар 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін тұлғалардың шоттарына ақша қаражатын аудару, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 млрд теңге сома жымқырған. Қазіргі уақытта Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда, олардың 4-і қамауға алынды",- делінген жұма күнгі хабарламада.
   Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автомашина, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаттары бұғатталды .
   «Сонымен қатар тергеу барысында Түркістан облысының Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленді, ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған»,- делінген хабарламада.
   Жетісу облысында «ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңге» жымқырған қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. «Қылмыстық топқа басшы мен оның қарамағындағылар, сондай-ақ орта мектеп бухгалтері кірді. Барлығы 13 адам»,- деп мәлімдеді «антикор».

adimage