Алматы. 21 қыркүйек. ҚазТАГ – Түркістан облысында түрік компаниясы 200 га алқапқа жылыжай кешенін салады, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
«Жуырда Анкарада өткен бизнес форумда Түркияның компаниялары мен Түркістан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық жөнінде меморандум жасалған болатын. Осы келісімге сәйкес, Түркістан қаласына Түркияның атақты «Dal Holding Investment CO» компаниясының Қазақстан Республикасы бойынша бірінші басшысы Демирджан Кусе бастаған өкілдері келді», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, өз кезегінде Демирджан Кусе қазірдің өзінде нақты жобамен келгенін, облыспен танысу барысында өзге де жобаларды қаржыландыруға әзір екенін мәлімдеді. Атап айтсақ, «Dal Holding Investment CO» компаниясы жақында Кентау қаласында 200 гектар аумаққа заман талабына сай жылыжай кешенін салуды бастамақ. . Құны 500 млн. АҚШ доллары болатын жоба арқылы 3000 жұмыс орны ашылмақ. Бұл жылыжай «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне 25 шақырым жердегі индустриалды аймақта орналасады.
Түркістан облысында құны $500 млн болатын жылыжай кешені салынады
