«Бүгінгі күні тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауға және басқаруға бағытталған 32 мемлекеттік ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 12 республикалық музейқорығы, төрт коммуналдық музей-қорығы және 16 облыстық тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау орталығы. Елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра объектілері барын ескерсек, бұл көрсеткіштің төмен екені рас», - деп жауап берді Ермек Көшербаев.
Вице-премьердің мәлімдеуінше, «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңының 14-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы, жеке және
заңды тұлғалар тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік құқығы субъектілері болып табылады. Бүгінгі күні елімізде 500-ге жуық сәулет және қала құрылысы
ескерткіштері жеке субъектілердің меншігінде. Ал, тарихи кесенелер – қайтыс болған адамдарды жерлеу орындары мемлекеттік мүлік ретінде тіркелмейді.
Сонымен қатар үкімет басшысының орынбасары Қазақстан Республикасының атынан халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік иесінің өкілеттіктерін – мәдениет және ақпарат министрлігі, ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратынын атап өтті.
«Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері, Ақмешіт үңгірі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімінде болса, Қос ана кесенесі тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Алайда халық арасынан кейбір адамдардың оларға иелік етуде. Осы орайда Түркістан облысының әкімдігі Домалақ ана, Бәйдібек ата кесенелері, Ақмешіт үңгірі бойынша олардың меншіктік тиесілігін ажырату жұмыстарын жүргізуде», - дейді Көшербаев.
Айта кетсек, бұған дейін мәжіліс депуттары үкіметке жолдаған сауалында Тұркістан облысындағы Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі жергілікті тарихи мұра объектілер тізімінде тұрғанымен, астындағы жері жеке шаруашылыққа беріліп кеткенін айтқан болатын.
«Мұндағы Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана секілді кесенелер мен туристік орындар жеке сектор меншігінде қалып қойған. Бұл өңірдегі туризмді дамытуға үлкен кедергісін келтіруде. Соның салдарынан тек жабайы туризм мен заңсыз кәсіпкерлік жұмыс істеп жатыр. Тіпті, кей азаматтар сол маңды қаржы табу көзіне айналдырып алған. Тарихи нысандарға келіп-кетіп жатқан туристердің есебін жүргізіп жатқан ешкім жоқ», - деді мәжілісмендер.
Фото көзі: el.kz