Түркістанда кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдай жасалған

Күні: 09:51, 31-08-2019.

Түркістан. 31 тамыз. ҚазТАГ - Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, Түркістанда бизнесті қолдау және дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Тек кәсіппен шұғылданам деген азамат Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келсе болды.
Орталықтың 700 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан екі қабатты ғимаратында жер қатынастары жөніндегі, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі, ауыл шаруашылығы және құрылыс жөніндегі мемлекеттік органдар мамандары, сонымен қатар өңірлік кәсіпкерлер палатасы, банктер мен қаржы институттарының өкілдері жұмыс жасайды. Осылайша, өңір кәсіпкерлері үшін барлық қызметтер бір орында, «бір терезе» қағидаты бойынша және мүлдем тегін ұсынылады.
Мұнда әрекет етуші және әлеуетті кәсіпкерлерге бизнес-жоспарлар дайындауға көмек беріледі, сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары жайлы түсініктер беріп, қаржы қаражатын алу кезінде сүйемелдеу қамтамасыз етіледі. Кәсіпкерлікті қолдау орталығында барлығы 20 қызмет түрі көзделген: заңгерлік, бухгалтерлік, кедендік, салық және басқалары.
Сонымен бірге, ісін бастаушы кәсіпкерлерге іскерлік жоспарлау, менеджмент, маркетинг негіздерін қоса, бизнес жүргізу бойынша оқыту бағдарламалары ұсынылады. Міндетті бағдарламада тәжірибелік сабақтар мен әрекеттегі кәсіпорындарға барумен шеберлік сабақтары жоспарланған. Дәл осы ғимаратта бизнес-мектеп те орналасқан. Онда өңірлік палатамен бірге кәсіпкерлерді қолдаудың бейқаржылық шаралары жүзеге асырылады.


Жаңалықтармен бөлісу: