Түркістанда жаңа халықаралық әуежай ашылды

Түркістан. 28 қыркүйек. ҚазТАГ – Түркістанда жаңа халықаралық әуежай ашылды, деп хабарлады ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы жаңа әуежайдың құрылыс жобасы заманауи Түркістандағы ірі және құрылысы көлемді маңызды нысандардың бірі болып отыр. Түркістандағы жаңа әуе айлағы өңірдегі туризмді дамытуға мықты серпін береді, әуе тасымалы қызметіндегі азаматтардың қажеттілігін қанағаттандырады», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Хабарда нақтылағандай, жобаны жүзеге асыру үшін шетелдік инвестиция тартылды, құрылыс мерзімінен бұрын аяқталды. Әуежайдың өткізу қабілеті – сағатына 450 жолаушы.
«Түркістандағы жаңа халықаралық әуежайдан бірінші кезеңде қазақстандық әуекомпаниялар Нұр-Сұлтанға, Алматыға рейстерін ашатын болады және ары қарай түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістан Қазақстанның басқа облыс орталықтарымен байланыстырылады», - деп жазды баспасөз қызметінен.
Хабарда атап өтілгендей, бірінші кезекте Turkish Airlines әуе компаниясы Ыстамбулға рейстерін бастауды жоспарлап отыр.
«Сондай-ақ, Түркістан әуежайы шетелдік әуекомпаниялары үшін «ашық аспан» режиміне қосылатын болады, бұл оны ұшу географиясын кеңейтуге тартымды етеді және шетелдік туристер ағынын тартуға ықпал етеді», - делінген хабарда.

adimage