Түркиядан қайтатын қазақстандықтарды Газиантеп әуежайы арқылы алып кету жоспарлануда

Астана. 7 ақпан. ҚазТАГ – Түркиядан қайтатын қазақстандықтарды Газиантеп әуежайы арқылы алып кету жоспарлануда, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Құрметті Қазақстан азаматтары! 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығыс аумағында орын алған жер сілкінісіне байланысты 2023 жылдың 7 ақпанында Қазақстан Республикасының азаматтарын Отанына қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елге қайтамын деген Қазақстан азаматтары 7 ақпан сағат 12:00-де Газиантеп қаласының әуежайында тиісті процодурадан өтіп, дайын болуы тиіс. Сонымен қатар, Қазақстанға оралуға ниетті азаматтар тізімін жасау үшін +90 538 8807041, +90 3124919100 телефон нөмерлеріне хабарласуы керек», - делінген Түркиядағы Қазақстан елшілігінің хабарында.
Еске салсақ, дүйсенбіге қараған түні Түркияда магнитудасы 7,4 балдық күшті жер сілкінісі орын алды. Елде қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланды. Қазақстан СІМ жер сілкінісінен зардап шеккен Түркиядағы қазақстандықтардың жағдайын анықтауда. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген адам шығына әкеп соққан жер сілкінісіне байланысты Түркия президенті Реджеп Тайип Эрдоганға көңіл айтты. 15.00-дегі жағдай бойынша Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен немесе қаза тапқан қазақстандықтар туралы хабар түспеген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.
Соңғы ақпар бойынша Түркияда шамамен 1,5 мың адам мерт болды, шамамен 8,5 мың адам зардап шеккен, сонымен қатар көрші Сирияда да мерт болғандар мен зардап шеккендердің көптігі туралы айтылуда.
Түркияда жеті күн аза тұту жарияланды.

adimage