Талғарда балықтардың қырылу себебін тексеру барысында қи исі анықталды

Талдықорған. 28 мамыр. ҚазТАГ - Талғарда балықтардың қырылу себебін тексеру барысында қи исі анықталды, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінен.
«БАҚ-та және «Facebook» желісінде Алматы облысы Базаркелді ауылы жанындағы Талғар өзенінде балықтардың қырылуы мен судың қараюы туралы таралған бейнеақпарат бойынша 27 мамырда «Қазгидромет» РМК қалалық филиалы зертханасының мамандары 3 нүктеде жоспардан тыс су сынамаларын алды. (…)Бірінші талдау нәтижелері бойынша су температурасы 25,1-26,4 ºC болған. Сутегі көрсеткіші 8,1-8,2, суда ерітілген оттегінің шоғырлануы қалыпты мөлшерде және 7,4-7,7 мг/дм3 диапазонында, түсі – 6-7 градус, мөлдірлігі – 20 см, иісі – 1 балл, табиғи суға тән емес иіс (қи иісі) сезіледі», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Сонымен қатар, хабарланғандай, қалған көрсеткіштер бойынша қосымша ақпарат 29 мамырда белгілі болады.
"Оттегіні биохимиялық тұтынуға талдау нәтижелері 5 тәулік дайыналатынына байланысты оның нәтижесі 1 маусымда жарияланады», - делінген хабарда.
«Қазгидромет» нақтылағандай, су сынамалары - «Adal Cүт» ЖШС фермасынан 0,5 шақырым жоғары, екіншісі - «Adal Cүт» ЖШС фермасына таяу, үшіншісі «Adal Cүт» ЖШС фермасынан 0,5 шақырым төмен тұстан алынған.
«Жер беті суының сапасын талдау 44 физикалық химиялық көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Оның ішінде бас иондар, биогенді, органикалық және органикалық емес заттар, ауыр металдар тексеріледі», - деп хабарлады РМК.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматы облысы Талғар өзенінде балықтар қырылғаннан кейін судан сынама алынды.
Еске салсақ, 27 мамырда белгілі эко-белсенді Ольга Гумирова 26 мамыр күні әлдекімнің лас суды Алматы облысы Талғар өзеніне ағызғанын, содан кейін балықтардың «кей жерлерде жағалауға шығып қалғанын» айтты. Ол «тек шабақтар ғана емес, ірі балықтардың да өлгенін» атады. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комиетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет агенттік тілшісіне комитеттің ластануға байланысты жағдайды тексеріп жатқанын мәлімдеді, ал ҚР ЭГТРМ баспасөз хатшысы Нұржан Мырзабеков ластану туралы хабарламаны тексеруге уәде берді.
.

adimage