Талдықорғанның үш тұрғыны иіс тиіп қайтыс болды

Талдықорған. 15 ақпан. ҚазТАГ – Талдықорғанның үш тұрғыны иіс тиіп қайтыс болды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Кеше түнде үш адам қайтыс болды - 1947 және 1966 жылы туған ересектер мен 2015 жылы туған бала… Қазір 2011 жылы туған бала ауруханада жатыр. Оның өмірі үшін облыстың ең үздік дәрігерлері атсалысуда. Облыс әкімдігі марқұмдардың барлық туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады», - деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ғалымұрат Жөкел.
Бұл ретте ол атап өткендей, олар жалға берілетін үйде тұрған.
«Бір учаскеде екі үй орналасқан. Олардың бірінде, яғни газбен жылытылатын үйде үй иесі тұрған, ал марқұмдар қайтыс болған қатты отынмен жылытылатын үй жалға берілген. Қазіргі таңда Талдықорған әкімдігі жерлеу рәсімдеріне қатысты барлық көмекті көрсетуде. Сонымен қатар қайғылы жағдай орын алғанда түнгі ауысымда болған марқұм баланың анасына психологиялық көмек қарастырылған», - деді Ғ. Жөкел.
Оның айтуынша, марқұмдардың отбасы аз қамтылған отбасына жатпайды, себебі олар тиісті ресми органдарда тіркелмеген.
«Бірақ оған қарамастан, мемлекет заң аясында барлық қажетті көмекті көрсетеді. Қазір біздің басты міндетіміз- тірі қалған баланы құтқару», - деді Ғ. Жөкел.
Бұл ретте, жергілікті құтқарушылардың ақпарынша, бұған дейін үй иесімен пешпен жылытуға қатысты бұзушылықтарды жою туралы профилактикалық әңгімелесу жүргізілген.
«Ол кезінде біздің қызметкерлерден бұзушылықтарды жою туралы хабарлама алды. Біз қайғылы жағдай улы газдан орын алған деп санаймыз. Ары қарай сот-медициналық сараптама бәрін өз орнына қояды», - деп түсіндірді Талдықорған қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ерлан Ахашов.

adimage