Таразда көпқабатты тұрғын үйден шыққан өрт сөндірілді

Астана. 16 қазан. ҚазТАГ - Таразда көпқабатты тұрғын үйден шыққан өрт сөндірілді, деп хабарлады ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
«(Тараздағы бес қабатты тұрғын үйден шыққан – ҚазТАГ) өрт 16.56-да сөндірілді. (…) Тілсіз жаудың жылдам тарауына шатырдың ағаш торламасының өртке қарсы өңделмеуі, шатырдағы жайда өртенетін қоқыстың болуы, сонымен қатар үйдің рубероидты гидрооқшаулағышының ескі болуы да ықпал еткен», - деді Нұрахметов сәрсенбіде.
Ол атап өткендей, өрттің пайда болу себебі анықталуда.
«Барлығы 80 адам эвакуацияланған, соның ішінде 20-сы бала. Оларды облыс әкімдігі жақын маңдағы көзі нашар көретіндерге арналған мектеп-интернатқа уақытша орналастырған», - деді ТЖК ресми өкілі.
Бұған дейін хабарланғандай, 16 қазанда сағат 15.30-да Тараздағы «101» тетігіне 2 ықшамауданда бес қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті. Сағат 15.34-те алғашқы өрт сөндірушілер келіп жеткенде шамамен 100 ш.м. алаңда шатыр өртеніп жатты. Қабылданған шаралар арқылы 840 ш.м. алаңдағы өрт 16.41-де ауыздықталған.

adimage