Таразда РМБ басшысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған деп күдіктелуде

Күні: 15:56, 25-09-2019.

Астана. 25 қыркүйек. ҚазТАГ – Таразда «Тараз қ. тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы» РМБ басшысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған деп күдіктелуде, деп хабарлады ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінен.
«Жамбыл облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Тараз қ. тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы» РМБ басшысының үстінен жеке кәсіпкерге қатысты заңсыз тексеру ұйымдастыру жолымен қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заңсыз тексеру нәтижесінде кәсіпкер заңсыз әкімшілік жауапқа тартылған (Тараз прокуратурасының қарсылығымен әкімшілік өндіріс бойынша шешім күшін жойды)», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
Ведомствода еске салғандай, бұған дейін хабарланғандай, аталмыш тұлға оң санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды беру үшін Т100 мың көлемінде пара алған және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқан деп күдіктелуде.
«Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктіге қатысты ақырғы шешімді оның кінәсінің деңгейі анықтала отырып, сот шығарады», - делінген хабарда.


Жаңалықтармен бөлісу: