Тасмағамбетов Мәскеуде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қорғаныс министрлерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Күні: 17:04, 11-11-2014.

Астана. 11 қараша. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Мәскеуде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы шеңберінде бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Бүгін Әзербайжан Қорғаныс министрі Закир Гасановпен өткен кездесуде екі ел қорғаныс ведомствосы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың барлық спектрі талқыланды», - делінген сейсенбі күні ведомство сайтында жарияланған хабарда.
Екі жақты барыс-келістер, арнайы операциялық күштердің, Әскери-теңіз күштері мен Құрлық әскерлері бөлімшелерінің бірлескен оқу-жаттығулары аймақтағы және әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға себеп болатыны атап өтілді. Кездесуде 2015 жылғы екі жақты ынтымақтастық жоспары бекітілді. Қырғызстан Қорғаныс министрі Абиболла Құдайбердиевпен болған кездесу барысында екі жақты форматтағы және ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ шеңберіндегі байланыстарды арттыра түсудің қажеттілігі атап өтілді. Тараптардың пікірінше, бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, жауынгерлік даярлықты жетілдіру саласында, сондай-ақ заңсыз қарулы құралыммен күрес әдістерін жүргізуде тәжірибе алмасу бауырлас екі ел қарулы күштерінің жедел үйлесімділігін арттырады. Бұдан бөлек, сол күні Қазақстан Қорғаныс министрі Армения және Тәжікстан Қорғаныс министрлері Сейран Оганянмен және Шерали Мирзомен кездесті.


Жаңалықтармен бөлісу: