Тасмағамбетовтың жұмысы кезінде Астана айтарлықтай көркейді – Назарбаев

Күні: 17:18, 22-10-2014.

Астана. 22 қазан. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының активімен кездесті, деп хабарлады ҚР президентінің баспасөз қызметінен.
«Ол (Иманғали Тасмағамбетов – ҚазТАГ) көп жылдардан бері менің қасымда жұмыс істеп келеді, көптеген лауазымдарды атқарды. Барлық жерде жұмысты бүге-шігесіне дейін зерделеп, мықты ұжым қалыптастырып, қойылған міндеттерді орындады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев, деп президенттің айтқан сөзін баспасөз қызметі келтіріпті.
Мемлекет басшысы И.Тасмағамбетовтің қалаға басшылық жасаған кезінде Астана айтарлықтай жаңарғанын да атап өтті.
«16 жылда біз жаңа елорда салып қана қойғанымыз жоқ, еліміздің тұрғындарымен қатар дүние жүзінен келетін қонақтарды да таңдандырып, тамсандыратын қала жасадық. Бүгін Астананың ғаламшардағы «топ-21» ақылды қалалар тізіміне кіргені мәлім болды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті елорданың жаңа әкімі болып Әділбек Жақсыбеков тағайындалғанын айтты.
«Конституцияға сәйкес, мен мәслихаттың келісімін алып, Әділбек Жақсыбековті Астана әкімі етіп тағайындадым. Бұл кісі 1997 жылы қаланың алғашқы мэрі болды. Ол қандай салада жұмыс істесе де, барлық міндеттерді игерді», – деді Мемлекет басшысы.
И.Тасмағамбетов пен Ә.Жақсыбеков сенім артқаны үшін Мемлекет басшысына алғыстарын айтып, алдарына қойған барлық міндетті шешу үшін бар күш-жігерлерін жұмсайтындарын айтты.


Жаңалықтармен бөлісу: