Тегеран түбінде апатқа ұшыраған ұшақ жолаушыларының басым бөлігі Канада мен Иран азаматтары

Алматы. 8 қаңтар. ҚазТАГ – Тегеран түбінде апатқа ұшыраған «Халықаралық Украина әуе желілері» (ХУӘ) Boeing 737 ұшағындағы жолаушылардың басым бөлігі Канада мен Иран азаматтары болып шықты, деп хабарлады бірқатар украиналық БАҚ.
«8 қаңтар күні Иранда құлаған ХУӘ әуе компаниясының Boeing 737 ұшағының бортында 15 украиналық болған: 13 экипаж мүшесі мен екі жолаушы. Ұшақ бортындағы қалған жолаушылар шетелдіктер: Иран азаматтары – 71, Канада азаматтары – 73, Германия азаматтары – төртеу, Ұлыбритания азаматтары – үшеу, Швеция азаматтары – сегіз, Ауғаныстан – алтау», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Еске салсақ, 8 қаңтарда Иранда «Украина халықаралық әуе желілерінің» Boeing 737 ұшағы Тегерандағы Хомейни әуежайы маңында апатқа ұшырады. Ұшақ Киевке бағыт алған екен. Алдын-ала ақпар бойынша авиалайнер бортында 170 адам болған. Украина СІМ ақпары бойынша ұшақ бортындағылардың барлығы мерт болған. Иран Сыртқы істер министрлігінің Қазақстанның Тегерандағы елшілігіне берген алдын-ала ақпараты бойынша, Украина әуе компаниясының құлаған ұшағының жолаушылары арасында қазақстандықтар жоқ. Сонымен қатар, қазақстандық консул консулдық есепте тұрған Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен байланысып жатыр. Бүгінгі таңда есепте 174 ҚР азаматы бар.
Иран билігі украиналық ұшақтың апатқа ұшырауына мотор бөлігіндегі өрт себеп болған деді. Бұл ретте Тегеран ұшақтың апатқа ұшырауына зымыранның соғуы себеп болған деген нұсқаны теріске шығарды.

adimage