Темірхан Жеңалаев: Қазір еліміздің тәуелсіздігімен құрдастардың өздері ата-ана болып жатыр

Алматы. 27 қараша. ҚазТАГ – Динара Жаркеева. Біз адамдар денсаулық сақтау саласына ұмтылуы үшін бәсекелестік ортаны құруымыз керек, адамдар ол салада бәсекелестік өте жоғары екенін білулері керек, ал оның жалғыз жолы - ол кәсібилік, деп есептейді Алматыдағы «№2 Перзентхана» мемлекеттік қазыналық коммуналды кәсіпорнының бас дәрігері Темірхан Жеңалаев. 

 - Темірхан Батырханұлы, бала тууының артуына, не төмендеуіне қандай факторлар әсер етеді? Сіз қазір елімізде бала туудың артып келе жатқанын растай аласыз ба? 

- Қазақстанда денсаулық сақтау проблемасына үлкен назар аударылады, олардың арасындағы басымдықтардың бірі - ана мен бала денсаулығы. Елдегі бала тууды ынталандыру үшін белгілі жағдайлар жасау керек. Біздің елдің келешегі отбасыларымыздың қаншалықты қорғалғанына, біздің әл-ауқатымыз қаншалықты балаларды өсіріп, тәрбиелеуге жететіндігіне байланысты. Біздің елімізде тәуелсіздіктің 23 жылы бойына медициналық көмек сапасын жақсарту бойынша үнемі жұмыс жүргізіліп келеді. Елдегі тұрақтылық көрсеткіштерінің бірі – бала туудың өсіп отырғаны. Ол соңғы 5-6 жылда үздіксіз көрініс беруде. Біздің перзентханамызда тәулігіне 20-25 бала дүниеге келеді, және 3-4, кейде 10 отаға дейін жасалады. Біздің шағын ғана перзентханамызда 2012 жылы 5338 бала дүниеге келді, 2013 жылы - 5789 бала, яғни өсім орташа алғанда 10% болып отыр. Биыл 10 айдың қорытындысында бізде былтырғы осындай аралықпен салыстырғанда 475 бала артық туылды. Ана мен бала денсаулығын сақтау еліміздегі №1 басымдық. Сондықтан бала босандыру қызметіне үлкен жауапкершілік артылған. Елдегі саяси және экономикалық жағдайдың тұрақты болуы бала тууды ынталандырады деп есептеймін. Бізде әзірге барлығы сәтті, және келешекте бала туу одан да артады деп есептеймін. Қазір тәуелсіздігімізбен құрдас буын өсіп, олардың өздері ата-ана болып жатыр. Біздің келешегіміз жақсы болады деп ойлаймын, бізде әр кез жұмыс болады. 

 - Мемлекет перзентханаларды қамтамасыз етуге қандай қаражат бөледі? Персонал мен материалды-техникалық базаны қамтамасыз етуде қаражат жетіспеушілігі бар ма? 

 - Ана мен бала денсаулығын сақтау еліміздегі басты басымдық болғандықтан, біздің мекеменің материалды-техникалық базасы үнемі жақсарып отырады. Оған қоса, біздің перзентхананы қаржыландыру жыл сайын 10-15%-ға артып келеді. Қазір біздің перзентхана жаңа мәртебеге ие, енді біз шаруашылық жүргізетін мемлекеттік кәсіпорынбыз. Бұл бізге ақылы қызмет көрсету арқылы өзіміз ақша табуға мүмкіндік береді. 

 - Ақылы палаталар көп пе сіздерде? 

- Біз ақылы 5 төсек-орын аштық. Санитарлы-гигиеналық талаптар бізге төсек қорын кеңейтуге мүмкіндік бермейді, себебі біз бюджеттік төсектерді қысқартудың есебінен ғана оларды көбейте аламыз. Біздің перзентханамыздың саясаты - ең алдымен кепілденген тегін медициналық көмек көрсетуге бағытталған, ол қолжетімді және сапалы болуы тиіс. Бірақ біз өзіміз ақша тауып, дамып және материалды-техникалық базаны жақсартып, қызметкерлердің жалақысын көтеріп, олардың сапалы еңбекке деген ынтасын оятуымыз керек. Біз бәсекелестік ортаны жасауымыз керек, адамдар денсаулық сақтау саласында жұмыс істеуге ұмтылатындай етіп, және олар осы саладағы бәсекелестік жоғары екенін білулері тиіс, ал дұрысы - ол кәсібилік. Қазір біздің қызметкерлердің 20-30%-ы жыл сайын өздерінің біліктерін арттырады, сол арқылы қызмет сапасы артады. Ол жыл сайын перзентханаға жүктеме артып отырғанына қарамастан. 

 - Қазір ана мен бала өлім-жітімінің көрсеткіштері қандай? Ана мен бала өлімінің басты себептері неде? 

 - Ана өлімі мен сәбилердің өлі тууы немесе алғашқы 7 күнде шетінеп кетуі бала босандыру мекемелерінің көрсеткіші болып табылады. Перинаталдық өлім көрсеткіші 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы екі еседей азайды ( 42%). Бұл ретте жыл сайын бала туу 10%-ға артып келеді, демек, сәбиді жоғалтып алу қаупі 10% артып отыр деген сөз. Егер шетінеп кеткен балалар туралы айтатын болсақ, онда балалар өлімі (28 күнге дейінгі бала өлімі - ҚазТАГ) бізде 50%-ға төмендеді. Бұл 1 жыл үшін жақсы көрсеткіш, және біз ол көрсеткіштерді сақтап отырмыз. Ол аз десеңіз, бала туу биыл 15%-ға артып отырғанына қарамай біз нәрестелердің шетінеп кетуін азайтып отырмыз. Орташа алғанда жылына перзентханадан өлім қауіп-қатері анестезиологиялық қатерлерді бағалау шкаласы бойынша 80%-дан асатын 10-15 әйел өтеді, яғни олар ықтималды түрде өліп қалуы мүмкін аналар. Бірақ сегіз жылдан бері біздің перзентханамызда ана өлімі болған емес, яғни қауіп-қатер күшті болғанымен біз оларды өлімнен ажыратып алып отырмыз. Өлім себептері әр түрлі болады. Алдын алуға болатын, және бетін қайтару мүмкін емес себептер болады, оларды бөлек айтуымыз керек. Және дені сау бала тек дені сау әйелден туылатыны құпия емес. Егер ана әу бастан ауру болса, одан 100 пайыз сау бала дүниеге келуі азая береді. Бұл ретте науқас ананың бала көтеруі оның денсаулығына да, бала денсаулығына да зиянды. Нәрестелердің шетінеуінің себептері ерте босану, инфекция мен жатырда жатқандағы кінәраттар болуы мүмкін. Өкінішке қарай біз әр кезде де, дер кезінде жатырда қиналған баланы кесерево жасап, ішті жарып, алып үлгере бермейміз. Себебі оның ондай қиналысын әр кез анықтау өте қиын. Біз құдай емеспіз, бізде аспаптар бар, бірақ сонымен қатар адами факторлар да бар, кәсібилік деңгей бар, біз қазір соған көп назар аударудамыз. Бұл жерде ана мен нәрестенің денсаулығы, өлім-жітімі, баланың мүгедек болуы медициналық көмекке тек 5% ғана байланысты. Қалғаны адамның өзіне байланысты, ол салауатты өмір сүріп, науқасын дер кезінде анықтап отыруы керек. Ол тек анасына ғана емес әкесіне де байланысты. 

 - Өзіңіз білетіндей, Алматыда жаңа туылған баланы перзентханадан ұрлап кету оқиғалары болған. Нәрестелер мен аналардың қауіпсіздігі үшін қандай қауіпсіздік шаралары қабылдануда? 

- Ол оқиға бірлі-жарым оқиға және ол - ТЖ! Әрине, ана мен нәрестелердің қауіпсіздік жүйесі өте нақты жөнге келтірілген. Біздің перзентханада тәулік бойғы күзет орнатылған, сондай-ақ бала ұрлап әкетуге жол бермеу үшін қауіпсіздікті сақтау бойынша арнайы нұсқаулық бар. Одан басқа, қауіпсіздік мәселесін үнемі құқық қорғау орган қызметкерлері, денсаулық сақтау басқармасынан тексеріп отырады, яғни қауіпсіздік мәселелері бізде басым бағыт. Нәрестені ұрлап әкету - ол ТЖ. 

 - Қазір бала туу үдерісіне ерлі-зайыптылардың бірге қатысуы жиілеп барады. Оның жақсы жағы мен жаман жағы неде? Бала босанғанда қанша адам қатыса алады және ол процедура ақылы ма? Серіктестерді дайындықтан өткізе ме? 

 - Серіктестердің бала босану үдерісіне қатысуы бізді елімізде денсаулық сақтау министрлігінің енгізіп отырған қауіпсіз аналық және тиімді перинаталды технологияларды енгізу жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Серіктестердің бала босануға қатысуы оң әсерін тигізетіні дәлелденген, себебі әйел өзін тыныш сезінеді. Біздің перзентханамыздағы бала босанулардың 100%-ы серіктестердің қатысуымен өтеді. Біз солай болуын қалаймыз. Әрине, ол тегін болады. Бала босануына бір ғана серіктесі қатыса алады, әрине, кейде бірнеше адам қатысқысы келеді, бірақ оған санитарлық-гигиеналық нормалар шектеу қояды. Ал әйел өзінің босанып жатқанын бір топ адамға көрсеткісі келмес деп ойлаймын - бұл шоу емес қой. Бізде серіктесін дайындау өтеді, ең бастысы ол әйел денсаулығы мен нәрестесінің денсаулығына қауіп төндірмеуі керек. 

 - Шала туған балалар қаншалықты жиі туылады және жүктілік қай мерзімі мен баланың қандай салмағында ол тірі қала алады? 

- Қазір біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының критерийлері бойынша жұмыс істейміз, сондықтан 500 грамм салмақтан бастап ол бала болып саналады. Егер гестациялық мерзім – жүктілік мерзімі туралы – туралы айтатын болсақ ол – 40 аптаның 22-сінен бастап. Бізде босанатын әйелге дәрігерлік жәрдем көрсететін 2-деңгейлі стационар, яғни бізге әйелдер 34 аптада және одан да көп гестациялық мерзімде түсіп жатады. 500 граммнан 1,5 килограммға дейінгі салмақтағы балалар 3-деңгейлі мамандандандырылған мекемелерде туылады, әйелдер 22-34 апталық гестациялық мерзімде дәл сол жерге түседі. Біздің стационарда мерзімінен бұрын босанулардың орташа саны жылма-жыл азайып келеді, бірақ мерзімінен бұрын болған босанулардың нәтижесінде шала туған балалардың 70-80%-дайы қатерлі ауруларға ұшырап жататынын атап өткен абзал, яғни шала туған балалар бұл – өз алдына бөлек проблема. Дегенмен, мерзімінен бұрын босанулар болатын қатерлер бар жерлерде біз жүктілікті сақтап отырмыз, бірақ сақталып отырған терапияның тиімділігі әркез 100% бола бермейді. Мерзімінен бұрын босанулар болмауы тиіс, бірақ егер олар орын алатын болса, себеп бар деген сөз, және ол жиі ана ағзасының жағдайына барып тіреледі. 

- Неліктен жүктілерге есепке мүмкіндігінше ертерек тұрып, дәрігерге үнемі көріну қажет? Босанулардың қауіпсіздігі мен жеңіл өтуіне не нәрсе көп ықпал етеді? Алғаш босанушы әйелдерді, сондай-ақ әкелерді қандай да бір оқыту өткізіле ме? 

- Өз ағзасын тексерістен өткізіп, барлық қажетті талдамаларын тапсыруы үшін, ультрадыбысты скринингтен өтіп, ұрықтың ықтимал кінәраттарын анықтау үшін әйелдер кеңестемесіне әйел адамдар 12 аптаға дейін есепке тұрып қоюлары керек, өйткені тірі қалуы мүмкін, немесе сәби мүгедек болатын кесел болуы мүмкін. Ондай жағдайларда сұрақ қою қажет – жүктілікті созғылау қажет пе? Дәл осы себепті де әйел адам әйелдер кеңестемесіне есепке неғұрлым ертерек тұратын болса, жүкті әйелдің жағдайына диагноз соғұрлым жақсы қойылады. Одан өзге, әрине, жүктіліктің дамуына динамикалық бақылау жүргізу қажет: бізге процеске араласып, қандай да бір ем жүргізіп, әлденені түзетіп қажет пе немесе барлығы қалыпты жүріп жатыр ма. Босанудың жетістігі жүктіліктің пайда болу фонына, оның ағымы мен әйел ағзасының саулығына байланысты. Шынтуайтына келгенде, өз-өзін қауіпсіздендіру үшін, ауруларды жүктілікке дейін емдеп алу қажет. Бірақ егер аурулар жүктілік кезінде пайда болса, әйел адам аман-есен босанып, тірі әрі сау қалуы үшін біз оларды емдеп-жазуға тырысамыз. Одан басқа, кеңестеме бағдарламасы болашақ ата-аналарды даярлауға да бағытталған, соның ішінде психопрофилактикаға. 

- Жас шақпен қатар, кемел шақта да босанған қауіпті деген пікір бар. Сол рас па? 

- Бізде «үлкен жастағы алғаш босанушы» деген диагноз бар ол – 30 не одан да көп жасында алғаш рет босанғалы отырған әйел ол – медициналық диагноз, ол әйел адамның биологиялық жасын әсте білдірмейді. Әйелдердің 40, 50 жасында босанып жататын жағдайлары бар бұл – кез келген әйелдің өз құқығы. Анамен қатар нәресте денсаулығының он есе, кейде жүз есе асқынуларының пайда болу қаупі басқа мәселе, ол жайлы естен шығармаған жөн. Әр жүктілік жоспарланған болуы тиіс, сонда қауіп-қатерлер де жоққа шығарылады деп ойлаймын. Жас шақтағы қыздардың босануларына қатысты: әлбетте, бұл қауіпті, егер азға қалыптасып үлгермесе. Қыз балалар 16-17 жасында босанып, босануға дайындалып жүрген кез ол – «жас алғаш босанушылар», бұл да акушерлік диагноз, биологиялық жас емес. Кәмелет жасқа толған қыз жүктілікті жоспарлай отырып, өз денсаулығын күтіп, бәрінен бұрын, маманға жүгінуі тиіс. Бірақ олай кім жасайды? Әдетте біз іске деректі кезінде ғана кезігеміз – «менің аяғым ауыр!». 

- Пациенттерді қолдау қызметтері бар ма? Перзентханалар мен босанулардың өзіне қатысты босанған әйелдер мен олардың тума-туыстарында қандай стереотиптер бар? 

- Босану кезінде дәрігерлік жәрдем беретін мекемелерде, емханаларда, көпсалалы стационарларда жәрдем көрсету өткен жылғыдан әлдеқайда жақсырақ. Қазір кез келген емдік мекеме туралы, кез келген медициналық қызметкер туралы ақпаратты біліп алуға болады, бізде ғаламторда еркін ақпарат, сын-пікірлердің ұзын саны бар. Олар объективті ме, әлде субъективті ме ол – басқа мәселе. Біздің пациенттерді қолдау үшін әр емдік мекемеде ішкі аудит, «жедел желі» қызметі құрылған. Кез келген адам «жедел желіге» шыға алады және, маған сеніңіз, әр жағдай бар мұқияттылығымен талданатын болады. Сонымен қатар шағымдардың статистикасы жүргізіледі, ол бойынша тергеулердің 70%-ға дейіні, тіпті одан да көбі, негізсіз екені көрінеді, яғни медициналық қызметкерлердің іс-әрекеттері дұрыс деп танылған. Негізді шағымдардың саны болса емдік мекеменің жұмыс сапасын арттыру көрсеткіші болып табылады. Стереотиптер туралы – иә, олар бар. Егер қыздың еш жері ауырмаса, ол бір-екі рет салқын тиіп ауырдым, қорқатын ештеңе жоқ деп ойлайтын жайттар жиі орын алады. Ал дерек бойынша, ол ендігі жүкті болған шақта, онда белгілі бар патологияның бары, оның әлгінің ағзасында үнсіз отырып, өзін көрсетпей отырғаны анықталады. Жүктілік ол – қоздырушы фактор. Сондай-ақ белгілі бір симптомдар біліне бастаған кезде жүкті әйелдер тез арада дәрігерге жүгінудің орнына, белгілерді бақылап, оларды дәрігердің көмегінсіз кетеді деп күтеді, бірақ медмекемеге кеш жүгіну көптеген салмақты асқынулардың себебі болып табылады. Акушерлікте шешім жылдам қабылдануы қажет, сондықтан да әйел үйінде емес, оған жәрдем көрсететін жерде болуы тиіс. Бұдан басқа, өкінішке қарай, медициналық жәрдем көрсетуде тек медқызметкерлер ғана мүдделі екенін атап өтемін, біздің халық емханаға барғысы келмейді – бұл да стереотип. Адамдар алдын ала тексерістерге бармай, ауруларын асқындырып алады, сол себепті турасын айтқанда үй-үйді аралап, азаматтарды тексерістен өтуге шақыруға тура келеді. 

- Сіз үй жағдайындағы босануға қалай қарайсыз? Қазақстандық әйелдер сондай әдіске жиі жүгіне ме және неліктен? Қандай қауіп-қатерлер бар және салдары қалай болады? 

- Үйдегі босануға, бірден айтайын, теріс қараймын. Сіз сұрағыңызға өзіңіз жауап бердіңіз – ол жаңа туылған сәбимен қатар, ана үшін де өте үлкен қауіп-қатерлермен байланысты. Жедел жайттар туындауы мүмкін, қасыңда адекватты жәрдем көрсете алатын адам болуы қажет, ал ондай жәрдемді тек маман ғана көрсете алады. Негізінен үйдегі босану жайы әйелдің үйде босанамын деп шешкендігінен емес, әдетте басқа бір себептер бойынша орын алады. Мысалы, «қарқынды босану» болуы мүмкін – сондай диагноз бар, немесе, мәселен, босанатын әйел медмекемеден алыста болуы ықтимал. 

 - Кейбір шетелдік клиникаларда бейстандарттық жағдайда босану әдістері қолданылады, яғни отырғызып, тұрғызып, суда және т.б. Сіздің перзентханада ондай әдістер қолданыла ма және олар қауіпсіз бе? 

- Тиімді перинаталды технологиялар тек шетелде ғана емес, бізде де қолданылады. Біз бұрынғыдай креслода босанбаймыз, қазір әйелдер ыңғайлы деген кез келген күйде босана береді. Біздің перзентханада да босану кезінде жағдай таңдау еркін: жүресінен отырып та, жанынан да, арқасынан жатып та – кімге қалай ыңғайлы, бұнда ешқандай шектеу жоқ. Бастысы – ана үшін қолайлы және бала үшін қауіпсіз болғандығы. Әрине, бүкіл процесс медициналық қызметкерлердің бақылауымен өтеді, және де көп жағдайда біз әйел адамға босану өтетін қолайлы күйді таңдауға көмектесеміз. Тиімді перинаталды технологиялар қауіпсіз және оларды қолдану қажет деп танылған. Егер де әйелдің іс-қимылында бірдеңе қауіпті болып көрінсе, оған міндетті түрде кеңес беріледі, көмектеседі. 

 - Перзентханада жұмыс істейтін кадрларды қалай іріктейді? Дәрігерлердің жетіспеушілігі бар ма, болса, нақты қайсы? 

- Бәрінен бұрын, жас, соның өзінде даярланған маман мекемеге келген уақытта, ол жұмыс орнында сол емдік мекемеге бейімделген салмақты дайындықтан өтеді. Кадрлық мәселе өте өткір болып отыр, біздің мамандарды даярлау – дәрігерлік құраммен қатар, орташа медициналық персонал – мүлде бөтен, қазір тар мамандық деген жоқ, негізінен жалпы практикаға ие дәрігерлер, қай жерде де бейімделуі тиіс отбасы дәрігерлері жүр. Бізге қосымша түрде жалпы практикалық дәрігерден тар шеңберлі стационарлық дәрігер жасау жүгі артылады. Дәстүрлі түрде бағалы мамандар бар. Егер босануға дәрігерлік жәрдем көрсету қызметіне қатысты айтсақ, онда біз анестезиология мен неоанестезиологияда кадрлар тапшылығын бастан кешіріп отырмыз. Аталған проблема қазір денсаулық сақтау министрлігі мен үкімет деңгейінде шешілуде. Мен тағы бірнеше жыл – және бұл мәселелер шешімін табады деп ойлаймын. 

- Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін!

adimage