Теміртауда әкімдік қызметкерінің атын жамылған белгісіз біреулер журналистің ізіне түскен

Күні: 16:09, 31-07-2019.

Алматы. 31 шілде. ҚазТАГ – Теміртауда әкімдік қызметкерінің атын жамылған белгісіз біреулер журналист Елена Вебердің ізіне түскен, деп хабарлады «Азаттық Радиосы».
«Қарағанды облысындағы Азаттық репортері Елена Вебердің айтуныша, 30 шілдеде оның Теміртаудағы үйіне Қарағанды облысы әкімдігінің қызметкерімін деп, «Жұлдыз Жұбасбаеваның» (тілші осындай немесе осыған ұқсас есімді байқаған) атындағы қызметтік куәлігі-міс құжатты көрсеткен әйел кірмек болған. Журналист мәлімдегендей, ол Вебердің жеке басына және отбасы мүшелеріне қатысты сұрақтар қойған», - делінген хабарда.
Журналист ондай ақпарат беруден бас тартқан.
«Кешірек үйінен шыққанда, тілші жаңағы әйелді өзінің подъезінде тағы жолықтырған. Ол өзінің неге келгені туралы сұраққа нақты жауап бермеген. Сондай-ақ, көршілері де Азаттық тілшісіне сол әйелдің олардан да журналисттің жеке басы мен отбасы мүшелеріне қатысты сұрақтар қойғанын жеткізген. Кейін тілші кешкісін жұмысынан үйіне оралғанда жаңағы әйелді үшінші рет кезіктірген. Смартфонының камерасын қосып қойған тілші оның келу себебін сұраған. Ал ол болса бетін көлегейлеп, біреулермен телефон арқылы сөйлескен», - деп хабарлады басылым. .
Кейін, ол әйелді бір ер адам келіп алып кеткен.
«Екеуі де камераға теріс бұрылды. Ер адам өзін әкімдік қызметкерімін деп таныстырды. Кім екендері белгісіз олар жылдам кетіп қалған, сол күйі неге келгендерін түсіндірмеген. Оған қоса, Елена Вебер сол уақыт аралығында көлігін де біреулердің аңдығанын байқаған. Тілші облыстық әкімдікке хабарласып, азаматтырдың жеке мәліметтерін жинау үшін қызметкерлерін жібергендерін, жібермегендерін, және ол жерде Жұлдыз Жұбасбаева деген әйелдің жұмыс жасайтын, жасамайтыны туралы сұрастырған. Екі сұраққа да ол теріс жауап алған», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, журналист бұл жағдайды кәсіби қызметімен байланыстырады және белгісіз біреулердің кез келген сылтаумен оның үйіне келуінің бұл бірінші жағдайы емес екенін айтып отыр.
«2018 жылдың жазында белгісіз біреулер оның пәтерінің есігіне Елена Вебердің өзін және отбасын қорқытқан хат қалдырып кеткен. Мессенджер бойынша оның баласы баратын балабақшаның суретін, көліктің терезесінен түсірілген күйеуінің суретін жіберген. Хабарлама түскен бойдан әлгі нөмір сөніп қалып отырған. Сол кезде Азаттық тілшісі Теміртау қаласы Шығыс полиция бөліміне арызданған. Нәтижесінде «Қорқыту» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Содан бері тергеу амалдарының барысы туарлы ешқандай хабар жоқ», - дейді басылым.

.


Жаңалықтармен бөлісу: