Тоқаевқа дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржының жұмсалуына мониторинг жүргізу барысы туралы баяндалды

Астана. 26 мамыр. ҚазТАГ – ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржының жұмсалуына мониторинг жүргізу барысы туралы баяндалды, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованы қабылдады. Қазақстан Президентіне еліміздегі коронавирус пандемиясына қарсы күрес шараларына бөлінген қаржының жұмсалуына мониторинг жүргізу жұмыстары жайында баяндалды», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Есеп комитеті басшысының айтуынша, қаржы шығындарын бақылау екі кезеңнен тұрады.
«Бірінші кезекте Қаржы министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік сатып алулар мен камералық бақылауға тексеріс жүргізіледі. Екінші кезеңде Есеп комитеті еліміздің 17 өңіріне бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне ревизия жасайды», - делінген хабарда.
Тоқаев денсаулық сақтау саласына, жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асыруға, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға бағытталған бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруды және тексеріс нәтижелері туралы тұрақты түрде есеп беріп тұруды тапсырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жайындағы қорытынды есебімен танысты. Есеп комитеті бірінші рет бюджеттің жиынтықталған қаржылық есебі бойынша аудит жүргізген болатын.
«Кездесу қорытындысы бойынша президент бірқатар нақты тапсырма берді», - делінген хабарда.

adimage