Тоқаев Ақордада Жаманқұловты қабылдады

Күні: 10:17, 01-08-2019.

Астана. 1 тамыз. ҚазТАГ – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбі күні Қазақстанның театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловты қабылдады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Кездесу барысында Мемлекет басшысына Қазақстанның ұлттық театрларының жай-күйі, кинематография саласының жағдайы туралы мәлімет берілді. Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстан Президентіне өңірлердегі театрлардың шығармашылық жағдайы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы жас мамандарды дайындау барысы және басқа да мәселелер туралы баяндады», - деп хабарлады сәрсенбіде Ақордадан.
Сонымен қатар, Қазақстанның театр қайраткерлері одағының мәртебесін арттыру мәселесі жайлы да әңгімелесті.
«Қасым-Жомарт Тоқаев театр және кино өнері еліміздің мәдени-рухани дамуында айрықша рөл атқаратынына назар аударды. Сондықтан, осы салалардың дамуына ерекше көңіл бөліп, әрдайым қолдау білдіретінін атап өтті», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 2017 жылдың маусымында Жаманқұловқа Т69 млн. қаржыны жымқырған деген айып тағылып, 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған еді. Тергеу мәлімдегендей, "Қазақфильм" киностудиясы «Т.К.Turan Universal Business» ЖШС-ға «Феникс» фильмін түсірудің дайындық алды және дайындық кезеңіне Т79 млн аударған. Соның Т69 млн. сомасын Жаманқұлов жымқырған-мыс деген айып тағылған. Жаманқұловтың өзі айыптауды теріске шығарып, кінәсін мойындамаған.


Жаңалықтармен бөлісу: