Тоқаевқа «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қазіргі жағдайы баяндалды

Астана. 28 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қазіргі жағдайы баяндалды, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады. Мемлекет басшысына компаниялар тобындағы қазіргі ахуал туралы баяндалды. Ахметжан Есімовтің айтуынша, дағдарыс пен карантин кезеңі басталғалы бері «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына қарасты өндіруші кәсіпорындарда жұмыс орындарын қысқартуға, еңбекақыны кешіктіруге жол берілмеген», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Есімовтың айтуынша, «қор мен компаниялар тобының қаржылық орнықтылығын күшейту жөніндегі бұған дейін жүргізілген шаралар өткен жылдарда жиналған сыртқы қарызды 8 миллиард долларына азайтуға мүмкіндік берді. Бұл 1 триллион теңге көлемінде қаржы шығынының алдын алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар көлемі 1 миллиард доллары болатын күрделі әрі операциялық шығындар оңтайландырылды.
«Қор Қасым-Жомарт Тоқаевтың сатып алу жүйелері арқылы ел экономикасына қолдау көрсету жөніндегі тапсырмаларын орындайды. Биыл жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы 250 мыңға жуық адам жұмыс істейтін отандық кәсіпорындарға 9 мың тапсырыс берген. Бұдан бөлек қазақстандық кәсіпорындарды қолдау және жаңа өндіріс орындарын ашу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Кездесуде Ахметжан Есімов Қасым-Жомарт Тоқаевқа жекешелендіру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді», - делінген хабарда.

adimage