Тоқаев АҚШ мемхатшысы Майкл Помпеомен коронавирус індетімен күресті үйлестіру мәселелерін талқылады

Алматы. 8 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ мемхатшысы Майкл Помпеомен коронавирус індетімен күресті үйлестіру мәселелерін талқылады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Майкл Помпео COVID-19 індетінің таралуына қарсы күресте халықаралық іс-қимылдарды үйлестіру мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Қазақстанға қолдау білдіріп, гуманитарлық көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. АҚШ дипломатиясының басшысы Вашингтонның пандемияны тезірек ауыздықтау және оның салдарын жою мақсатында екіжақты ықпалдастықты арттыру ниетін нақтылады. Мемлекет басшысы Қазақстанның Орталық Азия елдеріндегі эпидемиологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көмектесуге дайын екенін айтты. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Америка арасындағы саяси диалогты одан әрі тереңдету және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», - деп хабарлады сейсенбі күні Ақорда баспасөз қызметінен.
Хабарда айтылғандай, тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті арттырудың, Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында атқаратын бірлескен жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өткен.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 704 жағдайы тіркеліп, 51-і жазылып, алты адам көз жұмды.

adimage