Тоқаев адам шығынына әкеп соқтырған Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты көңіл айтты

Астана. 6 ақпан. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның оңтүстік-шығысында көптеген адам шығынына әкеп соқтырған жер сілкінісіне байланысты осы елдің Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын», - делінген жеделхатта.
Сонымен қатар Президент Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Еске салсақ, дүйсенбіге қараған түні Түркияда магнитудасы 7,4 балдық күшті жер сілкінісі орын алды. Елде қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланды. Қазақстан СІМ жер сілкінісінен зардап шеккен Түркиядағы қазақстандықтардың жағдайын анықтауда.

adimage