Астана. 2 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасын шешуді тапсырды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Басқа өңірлердегі сияқты Алматы облысында бұрынғыша ауызсумен қамтамасыз ету проблемасы бар. Әкімдік елді мекендердің перспективті дамуын есепке алып, сумен қамту жүйесінің құрылысы мен қайта жөндеу жөнінде кесте жасап, жұмыстарды жүргізуі қажет», - деп келтірген бейсенбі күні Тоқаевтың Алматы облысы жұртшылығымен кездесудегі сөзін Ақорда.
Мемлекет басшысы Жетісу жерінің тарихи тамыры терең екенін атап өтіп, облыстың қайта жаңғырған Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы өңірді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.
«Бүгінде Жетісу аймағы жоғары қарқынмен дамып келеді және ауыл шаруашылығы өндірісі көлемі жөнінен көш басында. Өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі еліміздегі ең жоғары – 86 пайыз. Алматы облысы адам капиталы жөнінен Қазақстан бойынша алдыңғы қатарда. Олар – еліміздің дамуына өз үлесін қосып жатқан өздеріңіз сияқты жас мамандар, кәсіпкерлер, ақын-жазушылар мен еңбек ұжымдарының өкілдері», - деді Тоқаев.
Сонымен қатар президент «тағы бір маңызды мәселе ретінде Жетісудың туристік индустриясын дамытуды» атады.
«Өңір еліміз үшін туризм орталығы ретінде кеңінен танылды. Бұл жерде туристерді тартатын негізгі орын – емдік қасиетімен аты шыққан Алакөл көлі. Өткен жылы ғана 2 миллион адам демалып, туристер саны 20 пайызға өскен. Алайда қызмет көрсету сапасы, көліктік, қонақ үй инфрақұрылымы сын көтермейді. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, шипажай аймағының инфрақұрылымын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Тоқаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті аймақтың көлік-логистикалық әлеуетіне ерекше тоқталып, жергілікті жолдардың сапасын арттырудың маңызды екенін атап өтті.
«Алматы облысы – стратегиялық аймақ. Еліміздің маңызды көлік торабы мен логистикалық орталығы болу үшін облыстың әлеуеті жеткілікті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль магистралі құрылысының аяқталуына байланысты Алматы облысы Азия мен Еуропаның арасын жалғайтын көлік қозғалысы үшін қақпаға айналды. Сонымен қатар, облыс жолдарының 22 пайызы сын көтермейтін болғандықтан, бұл өзекті мәселе болып отыр. Облыс әкіміне аталған мәселемен жүйелі түрде айналысып, тозығы жеткен жолдарды біртіндеп қалпына келтірудің 2025 жылға дейінгі жоспарын әзірлеуді тапсырамын», - деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу соңында мемлекеттік наградалар еңбек адамдарына, әсіресе ғалымдар, құрылысшылар, қарапайым жұмысшыларға берілуі керек екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқаны үшін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Келемсейітті, «Хильниченко и К» серіктестігінің басқарма басшысы В.Хильниченконы, «Алматы көпсалалы ауруханасының» бөлім меңгерушісі Е.Кенжебековті және №40 орта мектебі директорының орынбасары А.Ибраимованы алғыс хаттармен марапаттады», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, жиынға зиялы қауым, ардагерлер мен кәсіподақ ұйымдары, жастар өкілдері, мәслихат депутаттары және өңірдің мемлекеттік қызметшілері қатысты.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Талдықорғанға келген.
Тоқаев Алматы облысында ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасын шешуді тапсырды
