Астана. 20 наурыз. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасының мүшесі Кэрол Миллерді қабылдады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесудің екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан маңызы зор екеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, тәуелсіздік алған сәттен бастап АҚШ Қазақстанның сенімді серіктесі саналады», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Қазақстан Президенті өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық қаруды таратпау секілді негізгі салалардағы, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастықтағы бірлескен табыстарды атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде өсіп, 4 миллиард доллардан асқан.
«Кэрол Миллер сый-құрмет көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, АҚШ-тың нәтижелі диалогты жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді. Әңгімелесу барысында екіжақты қарым-қатынастың негізгі мәселелері талқыланды. Әсіресе, энергетикалық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы көлік-логистика байланыстарын кеңейтуге айрықша мән берілді», - деп хабарлады Ақорда.
Тоқаев америкалық конгрессвумен Кэрол Миллерді қабылдады
