Тоқаев Астана, Алматы, Шымкент және облыс әкімдеріне қандай тапсырма берді

Күні: 16:55, 27-03-2019.

Астана. 27 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана, Алматы, Шымкент және облыс әкімдеріне қандай тапсырма берді, бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Құрманғали айтып берді.
«Ақорда резиденциясында Қазақстан президеніт Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жиналыс басталды. Жиналысқа Астана, Алматы, Шымкент және облыс әкімдері қатысып отыр. (…) жиналыс барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы салып кеткен әлеуметтік әділ мемлекет бағытын жалғастыруды тапсырды. Атап айтсақ, президент әкімдерге әлеуметтік-әлсіз азаматтарға 40 мыңнан астам пәтерді жалға беруді жеделдетуді және бұл процесті ағымдағы жылдың мамырынан бастауды тапсырды. Сонымен қатар, Тоқаев халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық сипаттағы жүйелі мәселелерді жедел шешудің маңыздылығын атап өтті», - деп жазды өзінің Facebook парақшасында Құрманғали сәрсенбі күні.
Сонымен қатар, президенттің баспасөз хатшысы жиналыс барысында мемлекет басшысының мемлекеттік аппарат пен қоғам арасында тиімді байланыс орнатудың маңыздылығын атап өткенін жеткізді.
«Заманауи коммуникация каналдарын қолдану арқылы мемлекеттік орган тарапынан тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігі айтылды. Президент сондай-ақ, өңір әкімдері тұрақты түрде тұрғындармен кездесіп, елді-мекендерді аралаулары керектігін қадап айтты», - деді Құрманғали.


Жаңалықтармен бөлісу: