Тоқаев қайырымдылық саласында салықтық жеңілдік мәселесін қарастыруды тапсырды

Астана. 30 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық, еріктілер ұйымдарының және бизнес-сектор өкілдерімен онлайн-кездесу барысында қайырымдылық саласындағы салықтық жеңілдіктер мәселесін қарастыруды тапсырды, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар өздерінің еңбек етуіне, соның ішінде мемлекетпен және бизнеспен бірлесе жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасайтын заң жүзінде шынайы мәртебеге ие болуы тиіс. Үкіметке бұл мәселені пысықтау тапсырылды. Мемлекеттік қызмет көрсетудің, инфрақұрылымды пайдаланудың, ақпараттық қолдау кезінде жеңілдіктер берудің нақты тетіктерін әзірлеудің мәні зор. Сонымен қатар салықтық жеңілдіктер мәселесі де маңызды», - деді Тоқаев сәрсенбі күні.
Хабарда атап өтілгендей, бүгінде қайырымдылық жобаларға бағытталған ірі бизнес табысын 3% және шағын және орта бизнес табысын 4% көлемде салықтан босату заңнамалық тұрғыда қарастырылған.
«Бірақ шағын және орта бизнес бұл жеңілдіктерді пайдаланбай отыр», - деп санайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жағдайға талдау жасап, осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуге тапсырма берді. Бизнестің қайырымдылыққа қаржы аударуы ыңғайлы әрі тиімді болуға тиіс.
«Қайырымдылық қорларға қаржы түсуінің және оның әрі қарай жұмсалуының ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Бұл бағытта күңгірттікке жол бермеу керек. Қазір қайырымдылық жасайтын азаматтар мен көмек алушылардың реестрін құру бастамасы іске асырылуда. Бұл міндеттің барынша нақты орындалуына мүмкіндік жасаған жөн. Қайырымдылық жобалар арқылы өтетін барлық қаржының жұмсалуына ақпараттық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажет», - деп санайды президент.
Президент жеке қайырымдылықтың барлық түрі дамуы керек деп санайды. Әр адамның бастама көтеріп, өз қаржысын қайырымдылық мақсатқа бөле алатын жүйе құрылуға тиіс.
«Өкінішке қарай, тиісті ақпараттық жұмыстар талапқа сай жолға қойылмаған, адамға сенім ұялататын тетіктер жасалмаған. Кейде бұқаралық ақпарат құралдарынан азаматтарымыз кімге және қалай көмектесуге болатынын білмейді деген ақпаратты естіп қаламыз. Ал егер азаматтарымыз мұндай жұмыспен айналысатын болса, олардың қайырымдылық қаржысы қай мақсатқа пайдаланылатынын нақты білу керек», - деп атап өтті Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкімет жанындағы Қайырымдылықты дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтылған барлық мәселені, бастамаларды пысықтауға, сондай-ақ, Қазақстан заңнамасына тиісті өзгерістер енгізуді кешіктірмеуге тапсырма берді.
«Қазіргі уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша түсінікті әрі тиімді құқықтық механизмдерді қамтитын Қайырымдылық туралы заң әзірленуде», - деді Ақорда.

adimage