Тоқаев Қазақстанның 2029 жылға дейінгі даму жоспарын бекітті

   Астана. 7 тамыз. ҚазТАГ- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің 2029 жылға дейінгі даму жоспарын бекітті, деп хабарлайды агентіктің тілшісі.

«Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары бекітілсін»,- делінген Тоқаевтың жарлығында.

Жоба әзірлеушілері Мемлекет басшысы 2023 жылы Қазақстан халқына жолдауында тұрақты, сапалы және инклюзивті өсу траекториясына шығу үшін экономикалық дамудың жаңа парадигмасын іске асыру қажеттігі туралы айтқанын еске салды.

"Орташа табыс тұзағынан" құтылу және Қазақстанның табысы жоғары елдер қатарына орнығуы үшін берік институционалдық және әлеуметтік- экономикалық негіздерді қалыптастыру – орта мерзімді кезеңге арналған дамудың негізгі мақсаттары”, – делінген құжатта.

Сондай-ақ протекционизм мен шектеу шараларының күшеюі аясында қатар басталған жаһандық тізбектер мен сауда-экономикалық байланыстарды қайта құру үрдісі әлемдік экономиканың өсу әлеуетінің төмендеуіне, жоғары инфляцияның ұзақ цикліне және инвестициялар үшін жоғары бәсекелестікке әкелді. Мұндай жағдайларда Қазақстан экономикасының экспорттық-шикізат моделі бюджет кірістерін қалыптастыру және оны әртараптандыруға инвестиция салу мүмкіндігі тұрғысынан шектеледі.

“2014 жылдан бастап ұлттық экономиканың орташа жылдық өсу қарқыны баяулады және бүгінде 5%-дан аз. Аса жеткіліксіз инвестициялау, инновацияның және экономика өнімділігінің төмен деңгейлері аясында бұл жойылып бара жатқан негізгі қорларды дамыту және орнын толтыру үшін жеткіліксіз. Бұл ретте 2022 жылы ЖІӨ-нің 15%-дан астамы және Қазақстан экспортының 70%-ы минералдық шикізатпен байланысты салаларға тиесілі болды”, – делінген жарлықта.

Құрылымдық жаңару және экономиканың тұрақты өсуі - қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға және еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының мақсаттарын орындауға байланысты болатын іргелі міндет.

Осыған байланысты, ұлттық даму жоспары аясында экономикалық қайта құрулардың негізінде жатқан бес бірізді қағидаттары айқындалды. Бұл қағидаттар орта мерзімді пайымның құндылық бағдарларын белгілейді және даму басымдықтары мен күтілетін нәтижелерде көрініс табады.

«Әрбір бағыт үшін 2029 жылға арналған нысаналы индикаторлар мен олардың мәндері, сондай-ақ тиісті күтілетін нәтижелер тізімімен қолдау көрсетілетін дамудың негізгі басымдықтары айқындалған. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары алдағы жылдары іске асыру үшін шаралардың толық тізімін беру міндетін қоймайтынын, сондықтан мақсатқа қол жеткізу құралдарында Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Үкімет) мен жауапты органдарды шектемейтінін атап өту маңызды»,- делінген құжатта.

Президент нұсқауы бойынша 2029 жылға дейінгі ұлттық жоспар бекітілді. Жоспар 17 бағытты қамтып, төрт негізгі блокқа топтастырылған.

Олар:

1. Жоғары өмір сапасы:
1.1. Денсаулық сақтау;
1.2. Білім беру және ғылым;
1.3. Әлеуметтік қорғау;
1.4. Қолайлы орта.
2. Экономиканың мықты негізі:
2.1. Минералды-шикізаттық база: мұнай мен газ;
2.2. Минералды-шикізаттық база: металдар мен басқа да пайдалы қазбалар;
2.3. Энергетика;
2.4. Өңдеуші өнеркәсіп.
3. Жаңа өсу қадамдары:
3.1. Транспорттық-логистикалық кешен;
3.2. Агроөнеркәсіптік кешен;
3.3. Инновациялар, цифрлық және креативті экономика;
3.4. Туризм.
4. Экономика мен қоғамдағы жүйелі өзгерістер
4.1. Динамикалық кәсіпкерлік орта қалыптастыру;
4.2. Жаңа инвестициялық цикл;
4.3. Экологиялық тұрақтылықты арттыру;
4.4. Мемлекеттік қаржылардың тиімділігі;
4.5. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру.

Фото көзі: Пресс-служба Акорды.


adimage