Тоқаев «Бәйтерек» холдингі басшысының есебін тыңдады

Астана. 29 сәуір. ҚазТАГ-Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің атқарған жұмысы туралы есебін тындады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Президент Қасым- Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады»,- делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа холдингтің былтыр атқарған жұмысы туралы есеп беріліп, биылғы жоспары таныстырылды.

Негізгі көрсеткіштер:

• өткен жылы холдинг тарапынан 6 триллион теңгеге жуық қолдау көрсетілген;

• Оның 4,1 триллион теңгесі ірі, орта және шағын бизнеске;

• 1,9 триллион теңгесі тұрғын үй-құрылыс секторына бағытталған.

• былтыр холдингтің активтері 14,1 триллион теңгеге жеткен

• Инвестициялық және несие портфелі 10,3 триллион теңгеге дейін ұлғайды

• таза табыс 416 миллиард теңгені құрады.


Жаңа бастамалар:

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ базасында екі кепілдік қоры іске қосылды:

• Біріншісі – шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған;

• Екіншісі – құны 7 млрд теңгеден асатын ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді.

Бұдан бөлек, Президентке тікелей инвестиция тарту бойынша бірқатар бастама, соның ішінде шетелдік серіктестермен бірлескен қорлар арқылы ауыл шаруашылығы, өңдеу және тау-кен металлургиясы салаларында жобалар жүзеге асырылатыны жөнінде мәлімет берілді. Аталған қорлар «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында құрылады.

Мемлекет басшысы еліміздің орнықты экономикалық дамуы үшін ұсынылып отырған бастамаларды орындаудың маңызын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» холдингіне екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, экономиканың нақты секторын қаржыландыруды, Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасын іске асыруға қаржы тарту мәселесін шешуді тапсырды. Президент алға қойылған жоспарларды тиімді іске асыру қажет екеніне баса назар аударды.

Фото көзі: пресс-служба Акорды


adimage