Тоқаев бірқатар шетелдік аудармашылар мен Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеушілерді марапаттады

Астана. 10 тамыз. ҚазТАГ - Бірқатар шетелдік аудармашыларға, Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушыларға менің Жарлығыммен мемлекеттік награда берілді, деп мәлімдеді ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіндегі сұхбатында.
«10 тамызда ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Бұдан ширек ғасыр уақыт бұрын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде өткізілген еді. Бұл торқалы той – сол тамаша дәстүрдің жалғасы. Биылғы мерейтойға орай бірқатар іс-шара жоспарланған болатын. Бірақ әлемді жайлаған індетке байланысты соның көпшілігін онлайн форматқа ауыстырдық. Әрине сан сынақтан сүрінбеген халқымыз бұл дертті де жеңеді. Қиындық өтпелі, ал Абай мұрасы мәңгілік», - делінген дүйсенбіде жарияланған Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» мақаласында.
Мемлекет басшысы еске салғандай, оның тапсырмасы бойынша Үкімет оныншы тамызды «Абай күні» деп белгілеп, мерекелер тізбесіне енгізді (бірақ жұмыс күні болып қала береді)
«Ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Мәселе мерейтойда емес – тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алуда. Абайдың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз», - деп санайды ол.
Президенттің айтуынша, «біз ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы туралы айтудан жалық-паймыз. Әсіресе қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды».

«Биылғы жыл халықаралық «Абай жылына» айналды. Әлемнің көптеген елдері оның шығармашылығына назар аударуда. Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтуде. Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс», - деп атап өтті Тоқаев.
Ол атап өткендей, қазір ақынның еңбектерін халықаралық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты және мақсатты жұмыстар қолға алынуда.

«Оның шығармалары әлемнің он тіліне аударылып, баспаға әзірленді. Бұл кітаптар жүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени орталықтарына жіберіледі. Бірқатар шетелдік аудармашыларға, Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушыларға менің Жарлығыммен мемлекеттік награда берілді», - деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Абай рухын ұлықтау шаралары жалғасуда.
«Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашыла бастады. Ақынның шығармашылығын жүйелі зерттеу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академиясы құрылды», - деді президент.
Тоқаев атап өткендей, «бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатқаны анық».
Бұған дейін, хабарланғандай, Қазақстанда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы атап өтілуде.
Абай Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда дүниеге келген. 2020 жылы Қазақстан 175 жылдығын атап өтуде – ұлы ақынның мерейтойы мемлекеттік деңгейде атап өтілуде.
Еске салсақ, 5 тамызда хабарланғандай, ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың туған күні – 10 тамыз – Қазақстанда ресми түрде мереке болып қабылданды.
Абайдың туған күнін Қазақстандағы мерекелік күндер тізіміне енгізу дайындалып жатқаны туралы ҚазТАГ ХАА 26 маусымда хабарлаған еді.

adimage