Тоқаев «Borealis» компаниясының басшысымен Атырау облысындағы газ және химия кешенінің құрылысы бойынша жоспарын талқылады

Күні: 17:56, 01-04-2019.

Алматы. 1 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Borealis» компаниясы басқармасының төрағасы Альфред Штернді қабылдады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы «Borealis» компаниясымен ынтымақтастық жасаудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанда ірі жобаларды жүзеге асырудың мәні зор екенін айтты.
«Мен өзара ықпалдастығымызға қатысты күн тәртібіндегі өзекті мәселе жөнінде, әсіресе, алдағы уақытта жүзеге асырылатын Атырау облысындағы газ және химия кешенінің құрылысы туралы Сізбен пікір алмасқым келеді. Біз сіздің компаниямен тығыз және нәтижелі әріптестікке ниеттіміз», - деді Тоқаев.
Өз кезегінде А.Штерн өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
«Кездесу барысында Қазақстан Президентіне «Borealis» компаниясының еліміздегі негізгі жобалары мен олардың жүзеге асырылу перспективалары жөнінде баяндалды», - делінген хабарда.


Жаңалықтармен бөлісу: