Тоқаев демократияны сырттан әкелмей, тарихи тәжірибені, елдің мәдени дәстүрлерін ескеру маңыздылығына шақырды

Күні: 17:45, 05-11-2014.

Астана. 5 қараша. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев демократияны сырттан әкелмей, тарихи тәжірибені, елдің мәдени дәстүрлерін ескеру маңыздылығына шақырды, деп хабарлады ҚР парламент сенатының баспасөз қызметінен.  
Сенат баспасөз қызметі сенат сайтында жариялаған хабарда айтылғандай, 5 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орнықты адамзаттық дамудың жаңа парадигмасы. G-Global – жаһандық диалог форматы»  халықаралық конференциясында сөз сөйледі. Шара БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі «Академиялық әсер ету» бағдарламасының жаһандық хабын басқаратын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтуде.
Қ.Тоқаев конференцияға қатысушыларға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Мемлекет басшысының үндеуінде G-Global жобасы аймақтық және халықаралық ауқымда табысты жүзеге асырылып келе жатқаны, дарынды жас адамдардың және қоғамдық ұйымдар мен бизнес құрылымдардың қуатты интеллектуалдық әлеуетіне ие екені атап өтілді. «Пікірсайыстың халықаралық тұрпаты тиімді басқару жолдарының қанат жаюы үшін G-Global-ды адамдардың, ресурстар мен қоршаған ортаның арасындағы өзара қарым-қатынастарда үйлесімді және қарқынды теңдікке қол жеткізушіге айналдырады», - делінген Н.Назарбаевтың құттықтау сөзінде.
Бұл конференцияның маңыздылығын атап өте келіп, Қ.Тоқаев өз сөзінде әлемдік дамудағы жаңа парадигмасын әзірлеу қажеттігін қазіргі замандағы қатерлер айқындап отырғанына тоқталды. Қазақстан осы мәселелерді шешуге өз үлесін қосатын болады.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев әділетті және қауіпсіз әлем тәртібін қалыптастыру мақсатында әлемдік қоғамдастықты біріктіруге күш салуға бағытталған G-Global бастамасын көтерді. Бұл бастама жаһандық мәселелерді талқылаудың қағидатты түрдегі жаңа түрін қарастырады», - деді Сенат Төрағасы.
Парламенттің жоғарғы Палатасы басшысының пікірінше, халықаралық қатынастарда  тең құқықтылық пен өзара құрмет қағидалары үстемдік құруы тиіс.
«Қазақстан қырғи-қабақ соғыстың таптаурын көзқарастарын еңсере отырып, өзара сенімді жаһандық тұрғыдағы іс-қимылдың негізі ретінде нығайта отырып, әлемдік экономиканы дағдарыстар мен рецессияның шырмауығынан шығаруға болады деген пікірді ұстанады. G-Global бастамасында көзделген ХХІ ғасырдағы әлемдік тәртіптің негізгі қағидалары көпполярлы әлемдегі біріккен берік іргетас болады», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаев адамның орнықты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті өзгерістер туралы өз ойларымен бөлісті және жаңа парадигма туралы он тұжырымын ұсынды.
Бірінші.  Экономикалық қызметтің мән-мағынасындағы басымдықтар нақтылауды талап етіледі. Экономиканы дамытудың түпкі мақсаты – адамдар өмірінің сапасына қатысты: ғылымды дамыту, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет мәселелерін шешу.
Екінші. Орнықты дамудың жаңа парадигмасындағы маңызды мәселе экологиялық мәселелерді қайта бағалау болып табылады. Қоршаған ортаны сақтау және қайта түлету – өркениеттің орнықты дамуының міндетті шарты.
Үшінші. Орнықты дамуды қамтамасыз етуде адам капиталының ерекше рөлі бар. Оған байланысты БҰҰ-ның «Мыңжылдықты дамыту мақсаттары» бағдарламасы және оны 2015 жылдан кейін іске асыру ерекше маңызға ие.
Төртінші. Адам дамуының жаңа тұжырымдамасы жаһандық ауқымдағы әлеуметтік теңдікті теңестіру жолымен бұл жағдайды еңсеру жөніндегі шараларды қарастыруы тиіс.
Бесінші. Даму жолындағы, кедей елдер өзіне ерекше назар аударуды талап етеді, олар экономикалық реформаларды жүзеге асырады және саяси институттарды трансформациялай отырып, орнықты даму жолына шығуға күш салуда.
Алтыншы. Жаңа әлем тәртібі тұжырымдамасында әлемдік өркениет үшін әр мәдениеттің теңдей құндылығында алуан мәдениет шоғыры қағидалары көрініс табады.
Жетінші. Адамдарды, экономиканы және мемлекетті бір біріне қарсы қоятын жаппай бәсекелестік парадигмасын қайта ойластыру қажет. Бұл жерде тең құқықтылық, өзара құрмет және ортақ игілік үшін бірлескен еңбек тұрғысында өзара тиімді ынтымақтастық назарға алынуы тиіс.
Сегізінші. Орнықты даму парадигмасы қауіпсіздіктің қазіргі және келешектегі қатерлерін ескере отырып, жаңа әлемдік тәртіп қалыптастыруды көздеуі тиіс.
Тоғызыншы. Қауіпсіздіктің жаңа парадигмасы: терроризм және экстремизмнің жолын қалай кесу керек, өркениет айырмалары туындау қаупін қалай алдын алу керек, әлемдік саясаттағы жанжалдардың әлеуетін азайту сауалдарына жауап беруі тиіс.
Оныншы. Орнықты даму демократия негізінде ішкі саяси тұрақтылықты көрсетеді, бірақ оны сырттан әкелмей, тарихи тәжірибені, елдің мәдени дәстүрлерін ескеру маңызды.
Шараға белгілі шетелдік және отандық сарапшылар, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, ғалымдар қатысып, білім беру реформаларын, ғылымның әлеуметтік жауапкершілігін, экономика мен экологияның ықпалдастығын, жұмыспен қамтуды, заң үстемдігін, қауіпсіздік мәселелерін талқылады.


Жаңалықтармен бөлісу: