Тоқаев Ердоғанды Қазақстанға шақырды

Астана. 25 мамыр. ҚазТАГ – ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түрік басшысы Режеп Тайип Ердоғанды Қазақстанға шақырды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. Мемлекеттер басшылары бірін-бірі барша мұсылманның қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтап, бауырлас қазақ-түрік халықтарына бақ-береке тіледі», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, әңгімелесу барысында тараптар COVID-19 індетіне қарсы күресте екі ел үкіметтерінің қабылдаған нақты шараларын талқылады. .
«Режеп Тайип Ердоған коронавирустың таралуын болдырмау, азаматтарға ауқымды көмек көрсету, сондай-ақ, шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі Қазақстанның іс-қимылдарына жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға қолдау көрсеткені және гуманитарлық көмек ретінде медициналық жеке қорғаныш құралдарын бергені үшін ризашылық білдірді. Мемлекеттер басшылары аталған саладағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыра беруге ниетті екенін нақтылады», - делінген хабарда.
Сонымен қатар тараптар өзара тауар айналымын ұлғайтудың және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, қазақ-түрік қатынастарының қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын талқылады.
«Әңгіме соңында Мемлекет басшысы Түркия Президентін Қазақстанға сапармен келуге шақырды», - деді Ақордадан.

adimage