Тоқаев Каспий маңы елдері ынтымақтастығын одан әрі дамыту жолдарын таныстырды

Астана. 30 маусым. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий маңы елдері ынтымақтастығын одан әрі дамыту жолдарын таныстырды, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.
«Каспий маңы елдерінің әлеуетін толыққанды пайдалану мақсатымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың перспективті жолдарын таныстыруға рұқсат етіңіз. Біріншіден. Біздің бүгінгі басты міндетіміз – Конвенцияның тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету. Төрт жыл бойы осы мәселеге қатысты өзара тиімді шешімдерді іздеу жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл мәселелер тікелей ұлттық мүддеге байланысты болғандықтан, тараптардың ұстанымдарына түсіністікпен қараймыз», - деді Тоқаев сәрсенбі күні Каспий маңы елдерінің саммитінде.
Екіншіден, оның айтуынша, дәстүрлі логистикалық желілердің үзілуі жағдайында өзара көлік қатынасы мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың орнықты дамуының және нығаюының маңызды факторына айналады. Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік қатынастар легін қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі айтарлықтай артты. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша аталған бағыттағы қазақстандық жүк тасымалының көлемі 2,5 есе өсті. Ал Каспий маңы елдерімен арадағы жалпы тауар айналымы 9 пайыздан астам артты. Теңіз арқылы өтетін жүк легінің көлемін ұлғайту мақсатымен оның айлақтарындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірістік. Мемлекет басшысының пікірінше, ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп, жедел шешу керек.
Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік перспективті дәлізін одан әрі дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағыт саналатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалануға болады
«Үшіншіден. Аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, былтыр Қазақстанның Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 миллиард доллар болды. Оның 70 пайызы Ресеймен құрлықтағы бағыт бойынша жүзеге асырылды. Ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыру үшін Қазақстанның әлеуеті мол. Мемлекеттеріміздің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда азық-түлік тауарларын қаттау, сақтау және сату бойынша технологиялық тұрғыдан дамыған жүйесі бар заманауи көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталды. Бұл орталықтар мен Каспий маңы азық-түлік хабы арасындағы жүйелі интеграция шаруалардың, сатып алушылардың, тасымалдаушылардың, сатушылар мен тұтынушылардың тиімді кооперациясына жаңа мүмкіндіктер ашады», - деген сенімде Қазақстан президенті.
Ең бастысы – жеткізілетін барлық өнімнің сатылуына сенімді кепілдік береді, деп санайды мемлекет басшысы.
«Төртіншіден. Каспий теңізінің экожүйесін сақтау ықпалдастықтың басты бағыттарының бірі. Каспий жағалауының экономикалық дамуы және миллиондаған тұрғындардың әл-ауқаты трансшекаралық суқоймасының табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты. Жер қойнауын белсенді пайдалану және ресурстарды тасымалдау аймақ экологиясына қатер төндіруде. Бұдан бөлек жаһандық жылыну және осыған байланысты климаттың өзгеруі су ресурстарына қауіп төндіріп отыр. Ұзындығы бойынша Еуропада үшінші орында тұрған Орал өзенінің (Қазақстан аумағында Жайық деп аталады) жағдайы сын көтермейтіні осыған дәлел. Өзен суы деңгейінің күрт төмендеуі, биоресурстардың азаюы және жағалаудағы өсімдіктердің деградацияға ұшырауы, сондай-ақ антропогендік ортаның ластануы байқалып отыр. Нәтижесінде соңғы жылдары өзеннің орташа жылдық ағысы үш есе азайды. Бұл уылдырық шашатын жайылма орындардың жағдайына және Каспий теңізінің бірегей балық ресурстарының көбеюіне кері әсер етуде. Біз елдерімізге ортақ су артериясында экологиялық апатты болдырмау үшін Ресей Федерациясымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Итбалықтардың қайта-қайта қырылуы үлкен қауіп төндіреді. Каспий итбалығы – жергілікті фаунадағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Ол бүкіл теңіз аумағын мекен ететін трансшекаралық биоресурс саналады», - деп түсіндірді Тоқаев.
Мемлекет басшысы саммитке қатысушылардың назарын Каспий теңізіндегі биологиялық ресурстарды заңсыз аулауға қарсы күресудің маңызды екеніне аударды.
«Өкінішке орай, биоресурстарды заңсыз аулау, балық өнімдерін тасымалдау, бекіре тұқымдастарды заңсыз сатып алу немесе сату фактілері әлі де бар», - деді президент.
Мемлекет басшысы атап өткендей, аталмыш заң бұзушылықтардың алдын алу және олармен күресу үшін біздің сарапшылар тиісті хаттама жобасымен жұмыс жасап жатыр.

adimage