Тоқаев әкімді аңдитын блогерлерді сынға алды

Астана. 3 қазан. ҚазТАГ- Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаев әкімді аңдитын блогерлерді сынға алды, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Мәслихаттар мен әкімдіктер тығыз үйлестіре жұмыс істеуі керек. Реформаның арқасында еліміздегі әкімдер институты айтарлықтай өзгерді. Ауыл әкімін тікелей сайлау тәсіліне біржола көштік. Аз уақыттың ішінде ауыл әкімдерінің 90 пайызына жуығы жаңарды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесін пилоттық жоба ретінде сынап көрдік. Биылғы Жолдауда айттым, олардың бәрі жаңа жылдан бастап сайланатын болады. Осылайша, басты билік тармақтары түгел сайлау жүйесіне көшті. Қазақстан тарихында ешқашан ондай тәжірибе болмаған. Тіпті, мұндай ауқымды реформа осы аймақта біздің елде ғана жасалып жатыр деуге толық негіз бар. Мұның бәрі – демократиялық даму жолындағы айрықша маңызды қадамдар", - деді Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында.

Елімізде халықтың жартысына жуығы ауылда, ауданда тұрады.

«Сондықтан азаматтардың көпшілігі үшін тікелей сайлау үйреншікті, қалыпты нәрсеге айналды. Бұл жағдай жұрттың сайлау мәдениетін көтереді, саяси институттарды нығайтады. Жалпы, әкімдерді тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашты. Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Кәсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан әкімдер аз емес. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек»,- деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады.

«Қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашанда жоғары. Бұл – заңды құбылыс. Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар. Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрине, ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет»,- деді президент.

Фото көзі: Пресс-служба Акорды.


adimage