Тоқаев Ливан президентінен Бейруттегі қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтуды сұрады

Күні: 19:28, 05-08-2020.

Астана. 5 тамыз. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан президенті Мишель Ауннан Бейруттегі қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтуды сұрады, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Бүгін Ливан Президенті Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлесіп, Бейрут портындағы жарылыс кезінде қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектестік білдірдім. ҚР азаматтарының (200-ге жуық), оның ішінде, қазақ дипломаттарының және БҰҰ-ның бітімгершілік күштері құрамында қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы өтініш білдірдім», - деп жазды Тоқаев сәрсенбіде Twitter парақшасында.
Ол айта кеткендей, Ливан Президенті осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау білдіргеніміз үшін алғыс айтып, Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді.
Еске салсақ, 4 тамызда Ливан ӘТК базасы маңындағы Бейрут теңіз айлағы ауданында күшті жарылыс болды.
Ливандағы қазақстандық дипломаттардың ақпарынша, 4 тамызда шамамен жергілікті уақыт 18.00-де Бейрутте теңіз порты базасында бірнеше күшті жарылыс болған. Жақын маңдағы үйлер, сондай-ақ жарылыс ошағынан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан ғимараттардың әйнектері сынған. Жергілікті биліктің алдын-ала ақпары бойынша теңіз портында пиротехника тиелген кеме жарылған. ҚР СІМ ақпарынша, жарылыс салдарынан Қазақстан елшісі жарақаттанған.
Ливанда қазақстандық бітімгерлік құрам жүр, СІМ нақтылағандай - барлық қазақстандық бітімгерлер аман-есен.
Соңғы ақпар бойынша, жарылыс салдарынан 100-ден астам адам қаза тауып, 4 мыңнан астамы зардап шеккен.


Жаңалықтармен бөлісу: