Тоқаев Лукашенконы Беларусь Президенті болып қайта сайлануымен құттықтады

Астана. 10 тамыз. ҚазТАГ - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконы Беларусь Президенті болып қайта сайлануымен құттықтады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Александр Лукашенконы Беларусь Президенті болып қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдады», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Құттықтауды мемлекет басшысы жеделхат түрінде жолдады.
«Саяси жағдайдың күрделі болғанына қарамастан сайлаудың қорытындысы халық Сіздің Беларусь мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға негізделген стратегиялық бағытыңызды қолдайтынын көрсетті», – делінген жеделхатта.
Президент екі ел халқының игілігі үшін Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық алдағы уақытта да табысты дами береді деп сенетінін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенкоға Беларусь Республикасының Президенті ретінде ойға алған барлық жоспарын толық жүзеге асыруды, ал Беларусь халқына бейбітшілік, өзара түсіністік пен өсіп-өркендеу тіледі», - делінген хабарда.

adimage