Тоқаев Ұлытау облысында кеншілердің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

Астана. 18 ақпан. ҚазТАГ – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады», - делінген хабарда.

Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді.

Еске салсақ, 17 ақпанда Ұлытау облысында «Қазақмыс» кенішіндегі тау жынысының опырылуы салдарынан жұмысшылармен байланыс жоғалған еді. Кейін Ұлытау облысы «Қазақмыс» кенішінде тау жынысының опырылуына байланысты «жедел желі» телефонының жұмысы ұйымдастырылды.

18 ақпанда Ұлытау облысында «Қазақмыс» кенішінде жеті жұмысшының денесі табылды. «Қазақмыс» ЖШС-де тау жынысының опырылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

adimage