Тоқаев Парсы шығанағы аймағындағы ахуалға байланысты АҚШ пен Иранның шиеленісуі аясында кеңес өткізді

Астана. 8 қаңтар. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парсы шығанағы аймағындағы ахуалға байланысты АҚШ пен Иранның шиеленісуі аясында кеңес өткізді, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігі басшылығының, Премьер-Министрдің орынбасарының, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Сыртқы істер министрінің, Қорғаныс министрінің, Ішкі істер министрінің және Қарулы Күштер Бас штабы бастығының қатысуымен кеңес өткізді», - делінген Ақорда хабарында.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен басқа да мемлекеттік органдардың басшылары Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал туралы баяндады.
Хабарда атап өтілгендей, Қазақстан Президенті Парсы шығанағы аймағындағы ахуалдың күрт шиеленісуіне алаңдаушылық білдірді.
«Аталған іс-қимылдарға қатысушы тараптардың барынша ұстамдылық танытуы қажеттігін айтып, қақтығыстарды дипломатиялық әдіс-тәсілдермен, ең алдымен, бұл іске БҰҰ араластыра отырып, сондай-ақ екіжақты байланыстар мен келіссөздер арқылы реттеу мүмкін екенін атап өтті», - делінген Ақорда хабарында.
Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қазақстанның Таяу Шығыстағы елшіліктері мен ондағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, еліміздегі шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен компаниялар кеңселерінің қауіпсіздігін сақтау үшін шаралар қабылдауды, мемлекетіміздің ұлттық мүддесіне қатысты маңызды ақпараттарды алу және талдау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму және қорғаныс әлеуетін күшейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді», - делінген хабарда.
Бұған дейін хабарланғандай, Ирактағы АҚШ-тың бірнеше әскери нысандарын Иран аумағынан ұшырылған баллистикалық зымырандар атқылаған еді. Иран сыртқы істер министрі Джавад Зариф жағдайға түсінік бере келе Тегеран «АҚШ нысандарына Біріккен Ұлттар ұйымы (БҰҰ) жарғысының 51 бабына сәйкес өзін-өзі қорғау мақсатында шабуыл жасады» деп мәлімдеді. Бұл ретте ол генерал Кассем Сулейманиге опасыз шабуыл жасалғанын айтқан. СІМ басшысы жағдайды шиеленістіруді немесе соғысты көздеп отырмағанын, бірақ кез-келген агрессиядан қорғанатындарын қадап айтты. Бұл ретте АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ әскери базаларына Иранның жасаған соққысына түсінік беріп, қазір қаза тапқандар мен келтірілген шығынды есептеу жүргізіліп жатқанын және ертең ертеңгісін мәлімдеме жасайтынын жеткізді.
Тегеран мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынас 3 қаңтар күні Трамптың бұйрығымен Бағдат халықаралық әуежайы маңайында зымыран соққысынан ирандық генерал Кассем Сулеймани өлтірілгеннен кейін күрт шиеленісіп кетті. Ресми түрде Тегеран Ирандағы иерархия бойынша екінші адамның өлімі үшін кек алуға уәде берді. Бұл жағдай мұнай бағасы қарқынды өсуді бастағанда бірқатар арабтық мұнай компанияларының акцияларын түсіріп жіберді

adimage