Тоқаев пен Бердімұхамедов кеңейтілген форматта екіжақты келіссөздер жүргізді

   Астана. 25 қазан. ҚазТАГ-Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов кеңейтілген форматта екіжақты келіссөздер жүргізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
   "Шағын форматтағы кездесуден кейін екі елдің басшылары ресми делегация мүшелерінің қатысуымен келіссөздерді жалғастырды", - делінген хабарламада.
Қазақстан Президенті бауырлас Түрікменстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарына айрықша мән беретінін атап өтті.
   "Бұл оқиға ерекше сипатқа ие және түрікмен достарына ортақ мақсатқа – қазақ-түрікмен қарым – қатынастарын достыққа, тату көршілікке және өзара қолдауды сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған қадам болып табылады", - деді Мемлекет басшысы.
   Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттеріміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы бүгінгі кездесудің мән-маңызын атап өтіп, барша түрікмен халқын қазақстандықтардың атынан осы мерейтойлық кезеңмен шын жүректен құттықтады.
"Қазақстан Түрікменстанның бейбітсүйгіш саясатын және сіздің Орталық Азия өңірінде де, бүкіл еуразиялық кеңістікте де кооперацияны одан әрі нығайтуға бағытталған бастамаларыңызды табанды түрде қолдайды. Түрікменстанның сыртқы саясаты әрдайым шығармашылық сипатта болады. Біз БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдаған Түрікменстанның бейтарап мәртебесін қолдаймыз. Жақында Түрікменстан Каспий теңізінің маржаны – Авазада аймақ елдері көшбасшыларының консультативтік кездесуін сәтті өткізді. Кездесу өте нәтижелі болды және Орталық Азияның барлық елдерінің өзара іс – қимылына елеулі серпін бергені сөзсіз", - деді Қазақстан Президенті.
   Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сауда-экономикалық ынтымақтастық қазақ-түрікмен көпқырлы байланыстарының өзегі болып табылатынын еске салды.
"Жаһандық пандемия аясында екіжақты тауар айналымы біршама төмендегеннен кейін ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өзара саудада 30% - дан астам өсім байқалады. Әрине, бұл біздің мүмкіндіктеріміздің шегі емес. Энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларында өте маңызды резервтер бар", – деді Қазақстан Президенті.
   Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесінің 2022 жылы Түрікменстанның Қазақстандағы мәдениет күндерін өткізу туралы ұсынысына қолдау білдірді. Мемлекет басшысы елімізде түрікмен мәдениеті шеберлерінің өнер көрсетуінің толық табысты болуына кепілдік бере отырып, бұл оқиғаны мәдени-рухани қатынастар саласындағы маңызды элемент деп атады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Түркменстанға жалпы сомасы 130 млн доллардан асатын 60 тауар позициясы бойынша бірқатар өнім жеткізілімін арттыруға дайын екенін атап өтті.
  "Мен бұл міндет өте маңызды екеніне сенімдімін. Атап айтқанда, біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен ұн мен бидайды нарықтық бағалар бойынша өзара тиімді шарттарда жеткізуді ұлғайту перспективалы болып көрінеді. Бұған дейін Қазақстан Түрікмен тарапымен келісім бойынша бидайды қолайлы бағамен экспорттауды бастаған болатын", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
    Соңында Қазақстан Президенті кездесу барысында талқыланған барлық мәселелер қазақ-түрікмен қатынастарының айрықша сипатының көрнекі мысалы, тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастық рухына бейілділігіміздің көрінісі екенін атап өтті.   
Келіссөздер қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды:
-Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың бірлескен мәлімдемесі;
-Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және Каспий теңізіндегі балық аулау аймақтарының аралас учаскелерін межелеу туралы шарт;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметінің арасындағы Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметінің арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Түрікменстанның Қорғаныс министрлігі арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Түрікменстанның мемлекеттік кеден қызметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала мәліметтер алмасуды ұйымдастыру туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түрікменстанның теледидар, радиохабар және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы ақпарат саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандум;
- Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы Меморандум;
- Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Түрікменстанның министрлер кабинеті жанындағы көлік және коммуникациялар агенттігінің "Түркменавтоолаглары" агенттігі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдарын дамыту туралы өзара түсіністік туралы Меморандум;
  - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Түрікменстанның министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігі арасындағы жүктер мен жолаушыларды тасымалдау және транзиттеу туралы өзара түсіністік туралы Меморандум;
- Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Түрікменстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастық ниеттері туралы Меморандум;
- Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасындағы Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандум;
- Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мен Түрікменстанның Статистика жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум;
- Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Түрікменстанның мәдениет министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы Меморандум;
- Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Түрікменстанның сауда және сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі арасындағы сауда ынтымақтастығы жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандум;
- "Қазақстан темір жолы "ұлттық компаниясы" АҚ мен Түрікменстан Министрлер Кабинеті жанындағы көлік және коммуникациялар агенттігінің "Türkmendemirýollary" агенттігі арасындағы теміржол көлігі және контейнерлік тасымалды дамыту саласындағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы Меморандум;
- Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы мен Түрікменстан Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум;
- "Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті" КЕАҚ мен Махтумкули атындағы Түрікмен мемлекеттік университеті арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандум;
- "Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті" КЕАҚ мен Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институты арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандум;
- Кабельдік шекаралық өткелді салу ниеті және Түрікменстан/Қазақстан Республикасы шекарасында "Jusan Mobile" АҚ мен "Түркментелеком" ЭК Электр байланысының инфокоммуникациялық желілерін түйістіру туралы келісім.


adimage