Тоқаев пен Жээнбеков Бішкекте Айтматовтың рухына тағзым етті

Астана. 27 қараша. ҚазТАГ – Қазақстан мен Қырғызстанның президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков Шыңғыс Айтматовтың рухына тағзым етті, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (...) пен Сооронбай Жээнбеков көрнекті қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қабіріне барып, рухына тағзым етті», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары 1916 жылғы қайғылы оқиға кезінде қаза болғандарға орнатылған ескерткішке гүл шоғын қойды.
Бұған қоса, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сооронбай Жээнбековпен бірге Бішкектегі «Ата бейіт» Ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне барды.
Шыңғыс Айтматов 1928 жылы 12 желтотқсанда Қырғызстанның Талас облысы Шекер ауылында дүниеге келген. 1952 жылы мерзімді басылымда қырғыз тілінде әңгімелерін жариялай бастады. 1958 жылы Айтматовты әлемге танытқан «Жәмила» повесі жарық көрді.
Оның шығармалары әлемнің 170 тіліне аударылған. Олардың ішінде барынша танымалдары – «Ғасырдан да ұзақ күн» (1980), «Ақ кеме» (1970), «Плаха» (1986), «Таулар құлаған шақта (Мәңгілік қалыңдық)» (2006).
1990-1994 жылдары Бенилюкс елдерінде КСРО және Ресей елшісі болған. 2008 жылдың наурызына дейін Қырғызстанның Франциядағы, Бельгиядағы, Люксембург пен Нидерландыдағы елшісі болып қызмет атқарған.
Айтматов – Ленин сыйлығының (1963) және үш Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1968, 1977, 1983), Қырғызстанның халық жазушысы.

adimage