Тоқаев ҚР Конституциялық кеңесіне өтініш берді

Күні: 16:37, 23-04-2019.

Астана. 23 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциялық кеңесіне өтініш берді, деп хабарлады КК баспасөз қызметінен.
«2019 жылғы 23 сәуірде Республика Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясы 41-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, өтініш беруші Республика Президенттігіне кандидаттарға қойылатын Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұруы туралы талабының мазмұнын ашуды, сондай-ақ Қазақстанның шетелдік мекемелерінде және Республика мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдарда жұмысы кезеңінде азаматтың елден тыс жерде тұрған уақытын аталған мерзімге есептеу мәселесін түсіндіруді сұрайды.
«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес, аталған өтінішті Конституциялық Кеңестің отырысында қарау үшін қажетті материалдарды дайындау жұмысы жүргізілуде», - делінген хабарда.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауына Nur Otan партиясынан үміткер ретінде ұсынылды.
Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы лауазымындағы өз өкілеттігін 2019 жылдың 20 наурызынан бастап тоқтататыны туралы жарлыққа қол қойған еді. Келесі президент сайлауына дейін елді уақытша сенаттың экс-спикері Тоқаев басқарады.
9 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялады, ол үндеуде 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетін мәлімдеді. Мемлекет басшысының тиісті жарлығына қол да қойылды.
ҚР президенті лауазымына үміткерлерді ұсыну 28 сәуірге дейін жалғасады.
.


Жаңалықтармен бөлісу: