Тоқаев ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы өтетін күнді атады

Күні: 13:36, 09-04-2019.

Астана. 9 сәуір. ҚазТАГ – Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы өтетін күнді атады, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Ел Конституциясына сәйкес мен 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдадым», - деді Тоқаев сейсенбідегі қазақстандықтарға арнаған үндеуінде.
Бұған дейін хабарланғандай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевті, Қазақстан коммунистік халық партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Айқын Қоңыровты, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаевты қабылдады. Кездесу барысында қоғамдық-саяси күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 20 наурызынан бастап мемлекет басшысы қызметіндегі өз өкілеттігін тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Кезекті президент сайлауына дейін мемлекетті сенаттың экс-спикері Тоқаев басқаратын болады.


Жаңалықтармен бөлісу: