Тоқаев әрекетке қабілетті парламенттің маңыздылығын мәлімдеді

Алматы. 12 маусым. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрекетке қабілетті парламенттің маңыздылығын мәлімдеді, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Біздің мемлекеттік биліктің формуласы: мықты, өкілетті президент; ықпалды, әрекетке қабілетті парламент, есеп беретін үкімет. Нақ осындай саяси жүйе біздің мемлекетіміздің қажеттіліктеріне толығымен сәйкес келеді, күрделі геосаяси шындықта алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді орындауға ықпал етеді», - деп мәлімдеді Тоқаев сәрсенбідегі ұлықтау рәсімінде.
Бұл ретте ол атап өткендей, «билік халықтың сұранысын естуі, проблемаларды сол жерлерде шешуі, азаматтар алдында тұрақты түрде есеп беруі тиіс».
Сонымен қатар, Тоқаев еліміздің әр азаматының құқығын қорғайтынын мәлімдеді.
«Өзекті әлеуметтік мәселелерді нақты шешумен, барынша мұқтаж жандарға көмек көрсетумен айналысуды жоспарлап отырмын. Менің мақсатым - қоғам бірлігін қамтамасыз ету, әр азаматтың құқығын қорғау», - деді ол.
Бұған дейін хабарланғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде Қазақстанның екінші президенті қызметіне кірісті.
Еске салсақ, 9 маусымда Қазақстанда сайлау учаскелеріндегі көптеген бұзушылықтар мен Нұр-Сұлтан мен Алматыда митингке шыққандардың жаппай ұсталуы фонында президент сайлауы өтті. Келіспеушілердің жаппай қарсылық білдірулері мен оларды ұстау 10 маусымда да жалғасты. Ұсталғандар қатарында белгілі айтыскер Ринат Заитов, журналистер де бар, соның ішінде батыстық БАҚ-тың бір қызметкері жарақат та алған. Екі күн ішінде (9 және 10 маусым) көптеген полицейлер, ШӘАЖ және Ұлттық гвардия жауынгерлері бар әскерилер қол шоқпарлармен, қалқандармен қаруланып, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ірі кварталдарды қоршауға алған. Ұстау кезінде күш қолданылды, қарсылық танытқандарды ұрған жағдайлар да болды. Қазақстандық бір интернет-порталдың қызметкері де соққы алды. Әскерилер бейбіт азаматтар заңды бұзды деп, күш қолданудың тек кейбір деректерін ғана мойындады.
Үш ай бұрын – 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы лауазымындағы өз өкілеттігін 2019 жылдың 20 наурызынан бастап тоқтататыны туралы жарлыққа қол қойған еді. Келесі президент сайлауына дейін елді уақытша сенаттың экс-спикері Тоқаев басқарады.
9 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялады, ол үндеуде 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетін мәлімдеді. Кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде, ал оларды тіркеу 6 мамырда аяқталды. 11 мамырда елде үгіт кампаниясы басталды.
9 маусымда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 7.00-де елімізде сайлау учаскелері ашылды. Қазақстандағы президент сайлауы сағат 20.00-ге дейін созылды. Одан бірнеше сағат бұрын Жапонияда, Оңтүстік Корея мен Шығыс Азиядағы бірнеше елде қазақстандықтардың дауыс беру процесі басталды. Республикада және шетелде жексенбі күні барлығы 9967 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Экзит-полл қорытындысы да белгілі болды – сайлау учаскелерінің шыға берісінде жүргізілген сауалнамаға сәйкес Тоқаев жеңіске жеткен, ол 70,13% дауыс жинаған. Сондай-ақ, ОСК алдын-ала қорытындысы да жарияланды, соған сәйкес Тоқаев 70,76% дауыс жинаған.

#сайлау #қазақстан #алматы #президент #бұзушылық #қосанов #тоқаев #еқыұ #митинг #ұстау #полиция #қарсылық #қоршау #шәаж #оск #ортсайлаукомитеті #бару #бойкот #инаугарация #парламент

adimage