Тоқаев ресейліктердің Қазақстанға көптеп келуіне байланысты Ресеймен келіссөздер жүргізуге уәде берді

Түркістан. 27 қыркүйек. ҚазТАГ – Тоқаев ресейліктердің Қазақстанға көптеп келуіне байланысты Ресеймен келіссөздер жүргізуге уәде берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым», - деді Тоқаев сейсенбідегі Түркістан облысына жұмыс сапары барысында.

Оның айтуынша, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек.
«Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді», - деп толықтырды мемлекет басшысы.

Ол баса айтқандай, жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі.

«Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек», - деді Тоқаев.

Бұған дейін Тоқаев БҰҰ-да дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтау біздің ұлттық мүддемізге сай келетінін атап өткен болатын.

adimage