Тоқаев ресми түрде Қазақстанның екінші президенті қызметіне кірісті

Астана. 12 маусым. ҚазТАГ – Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде Қазақстанның екінші президенті қызметіне кірісті, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Тоқаевтың ұлықтау рәсімі Нұр-Сұлтанда өтті. Тоқаевтың жаңа қызметке кірісу рәсімі Тәуелсіздік сарайында өтті.
Жаңадан сайланған мемлекет басшысы Қазақстан Конституциясына қолын қойып, Республика туын сүйіп, тізесін бүгіп, президент міндетін адал атқаруға ант етті.
Ұлықтау рәсімінде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Салтанатты рәсім шетелдік басшыларсыз өтті. Шақырылған шетелдік қонақтар ішінде негізінен Қазақстандағы дипломатиялық корпустың аккредиттелген өкілдері болды.
Тоқаевтың жаңа қызметке кірісуі еліміз тәуелсіздік алғалы Қазақстан президентінің алтыншы ұлықтау рәсімі болды.
Тоқаев мемлекет басшысы қызметіне кіріскенге дейін 2019 жылдың наурызынан бастап ел президентінің уақытша міндетін атқарушы болған. Оған дейін 2013 жылдан бастап сенат спикері, оның алдында – 2011-2013 жылдары БҰҰ бас хатшысының орынбасары, Женевадағы БҰҰ еуропалық бөлімшесінің басшысы, оның алдында сенатты басқарған (2007-2011 ж.ж.). Әр жылдары премьер-министр, сыртқы істер министрі, мемлекеттік хатшы қызметтерін атқарған.
Тоқаев 1953 жылы Алматыда дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты мен Ресейдің сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын бітірген. Маман-халықаралық саясат білгірі.
Еске салсақ, 9 маусымда Қазақстанда сайлау учаскелеріндегі көптеген бұзушылықтар мен Нұр-Сұлтан мен Алматыда митингке шыққандардың жаппай ұсталуы фонында президент сайлауы өтті. Келіспеушілердің жаппай қарсылық білдірулері мен оларды ұстау 10 маусымда да жалғасты. Ұсталғандар қатарында белгілі айтыскер Ринат Заитов, журналистер де бар, соның ішінде батыстық БАҚ-тың бір қызметкері жарақат та алған. Екі күн ішінде (9 және 10 маусым) көптеген полицейлер, ШӘАЖ және Ұлттық гвардия жауынгерлері бар әскерилер қол шоқпарлармен, қалқандармен қаруланып, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ірі кварталдарды қоршауға алған. Ұстау кезінде күш қолданылды, қарсылық танытқандарды ұрған жағдайлар да болды. Қазақстандық бір интернет-порталдың қызметкері де соққы алды. Әскерилер бейбіт азаматтар заңды бұзды деп, күш қолданудың тек кейбір деректерін ғана мойындады.
Үш ай бұрын – 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы лауазымындағы өз өкілеттігін 2019 жылдың 20 наурызынан бастап тоқтататыны туралы жарлыққа қол қойған еді. Келесі президент сайлауына дейін елді уақытша сенаттың экс-спикері Тоқаев басқарады.
9 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялады, ол үндеуде 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетін мәлімдеді. Кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде, ал оларды тіркеу 6 мамырда аяқталды. 11 мамырда елде үгіт кампаниясы басталды.
9 маусымда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 7.00-де елімізде сайлау учаскелері ашылды. Қазақстандағы президент сайлауы сағат 20.00-ге дейін созылды. Одан бірнеше сағат бұрын Жапонияда, Оңтүстік Корея мен Шығыс Азиядағы бірнеше елде қазақстандықтардың дауыс беру процесі басталды. Республикада және шетелде жексенбі күні барлығы 9967 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Экзит-полл қорытындысы да белгілі болды – сайлау учаскелерінің шыға берісінде жүргізілген сауалнамаға сәйкес Тоқаев жеңіске жеткен, ол 70,13% дауыс жинаған. Сондай-ақ, ОСК алдын-ала қорытындысы да жарияланды, соған сәйкес Тоқаев 70,76% дауыс жинаған.

#сайлау #қазақстан #алматы #президент #бұзушылық #қосанов #тоқаев #еқыұ #митинг #ұстау #полиция #қарсылық #қоршау #шәаж #оск #ортсайлаукомитеті #бару #бойкот #инаугарация

adimage