Тоқаев әскери тікұшақтың құлауынан қаза тапқандардың туыстарына материалдық көмек көрсетуге уәде берді

Астана. 28 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери тік ұшақтың құлауынан опат болғандардың туыстарына материалдық көмек көрсетуге уәде берді, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Қызылорда облысында қорғаныс министрлігінің тік үшағы апатқа ұшырады. Ол Ақтау-Шымкент бағыты бойынша әскери оқу-жаттығу кезінде ұшқан болатын. Тік ұшақтың экипажы қаза тапты. Мен тексеру жүргізуді бастауға бұйрық бердім. Марқұмдардың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Оларға материалдық көмек көрсетілетін болады», - деп жазды Тоқаев өзінің Twitter парақшасында.
Еске салсақ, бұған дейін белгілі болғандай, сағат 17.35-те «112» тетігіне Қызылорда облысы Жалағаш ауданында ҚР ҚК ӘҚК ӘӘК МИ-8 тік ұшағының апатқа ұшырағаны туралы хабар келіп түсті. Тік ұшақ белгісіз жағдайларға байланысты құлап, толығымен жанып кеткен. Тік ұшақ бортында 13 экипаж мүшесі болған, олардың барлығының қайтыс болғаны жеткізілді.
Қорғаныс министрлігінде нақтыланғандай, Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, аталмыш тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.
Ведомствода атап өткендей, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен апат орнына арнайы құрылған ҚР Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жіберілді. Қорғаныс министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, болған әуе апатының себебін анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

adimage