Тоқаев суармалы егіншілік жерлерін 2 млн гектарға дейін арттыру және ІҚМ өсіруге арналған технологияны енгізу керектігін атап өтті

Күні: 18:42, 02-04-2019.

Алматы. 2 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты қабылдады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысына министрлік жұмыстарының нәтижелері мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндалды.
Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті және қайта өңделген өнімнің экспортқа шығарылуын арттыру үшін министрліктің алдына қойылған міндеттерді сапалы жүзеге асырудың маңызды екеніне назар аударды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылға дейін техникалардың жаңартылу қарқынын 2-ден 6 пайызға және суармалы егіншілік жерлерін 1,4 миллионнан 2 миллион гектарға арттыру, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жоғары технологиялық жүйесінің кешенін пайдалану, егістік алқаптарын әртараптандыру, тұқым сапасын жақсарту, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану қажеттігін айтты», - делінген хабарда.
Мемлекет басшысы ірі қара малдың тұқымын зерттеу және қайта асылдандыру үшін заманауи технологияны енгізу, отбасылық мал шаруашылығын құру және пайдаланылатын жайылымдардың көлемін ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.


Жаңалықтармен бөлісу: