Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет алдына бірқатар тапсырма қойды

Астана. 16 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Марат Ахметжанов басқаратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алдына бірқатар тапсырма қойды, деп хабралады мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли.
«Жалпы, мемлекеттің қауіпсіздігі және халықтың әл-ауқаты жемқорлықпен күресте жүзеге асырылатын жүйелі әрі тиімді шараларға тікелей байланысты. Осыған орай, Агенттік алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр. Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық деңгейде тиімді жүргізу үшін кешенді жұмыс атқару қажет. Мұндай шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеуі керек. Ондай тәсілдің кері әсері болады. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан тартынып, бюрократияға бой алдырады және лауазымды тұлғалар жеке жауапкершілік алудан жалтарады», - деді Тоқаев жұма күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысының айтуынша, «агенттік жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалған қылмыстардан ажырата білуге тиіс. Сондай-ақ, кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тартуы қажет».
«Екіншіден, қоғам өкілдерінің белсене атсалысуы және алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты құралдарына айналуы керек. Қазіргі таңда менің тапсырмам бойынша «Қоғамдық бақылау туралы» заң дайындалып жатыр. Бұл құжат мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ, белсенді азаматтарға құқықтық бақылау құралдарын береді. Осы заң жобасының әлеуетін барынша пайдаланып, қоғамды жемқорлықпен күресуге кеңінен тарту қажет», - деді мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, оның тапсырмасы бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп жатыр. Мұндай модель айыптаушылық ұстанымды бәсеңдетіп, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайды.
«Агенттікке өз қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеуді тапсырамын. Жалпы, халықаралық озық тәжірибені ескеріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды енгізуді жалғастыра берген жөн. Қоғам, бизнес және инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуге тиіс. Жаңа басшы Агенттік жұмысының тиімділігін одан әрі арттыра түседі деп сенемін. Еңбектеріңіз жемісті болсын!» - деді Тоқаев.

adimage