Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жаңа басшысын қабылдады

Астана. 19 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жаңа басшысын қабылдады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президенттің биылғы жылы 16 сәуірде өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының жүзеге асырылу барысы жайында баяндалды», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
Президент сыбайлас жемқорлықпен күрес әдістерін жаңғырту, жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалған қылмыстардан ажырата білу қажеттігіне, сондай-ақ, кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тарту керектігіне тоқталды.
«Бұдан бөлек кәсіпкерлердің құқығын қорғауға, бизнестің жұмысына заңсыз араласатын және көлеңкелі айналымға қамқорлық көрсетуді жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қатаң қарауға қатысты міндеттер жүктеді. Мемлекет басшысы Агенттікке сыбайлас жемқорлыққа қарсы озық тәжірибені зерделеу және мемлекеттік органдардың қызметін тиісінше үйлестіру бөлігінде халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істеуге қатысты бірқатар тапсырма берді», - деді Ақорда.

adimage