Тоқаев тиісті заң қабылданғанға дейін оператор-монополистерді құруға тыйым салды

Күні: 18:42, 26-01-2021.

Астана. 26 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заң қабылданғанға дейін оператор-монополистерді құруға тыйым салды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Бүгінгі таңда ел экономикасы мемлекеттің шектен тыс қатысуынан ғана емес, жеке монополистердің бәсекелестік емес амалдарынан да шаршады. Бір жерлерде мемлекет құрған бірыңғай операторлар, бір жерлерде – жәй жеке монополиялар», - деді Тоқаев сейсенбі күні үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ол бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігіне осындай құрылымдардың қызметін жалғастырудың мақсаттылығына талдау жасауды тапсырды.
«Үкімет пен Агенттікке 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін адал бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі проблемаларды шешуге бағытталған заң жобасының қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырамын. Талдау аяқталғанша және заң қабылданғанға дейін мемлекеттік және жеке операторларды құруға тыйым саламын», - деді Тоқаев.


Жаңалықтармен бөлісу: