Тоқаев уәде еткен өтемақыны медқызметкерлердің 20%-дайы ғана алды - депутат

Астана. 23 қыркүйек. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев уәде еткен өтемақыларды коронавирус жұқтырған медицина мамандарының 20%-дайы ғана алды, деп мәлімдеді мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.
«Өздеріңіз білесіздер, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылдың 30 наурызында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында COVID-19 дертін жұқтырған жағдайда медициналық қызметкерлерге Т2 млн, ал олар қайтыс болған жағдайда отбасыларына Т10 млн көлемінде өтемақы төлеу түрінде қолдау көрсетуді тапсырған еді. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2020 жылдың 22 қыркүйегіндегі жағдай бойынша коронавирусты 12 мың 830 медициналық қызметкер жұқтырған, бұл ретте еңбекминінің күнделікті мониторингіне сәйкес бүгінге дейін денсаулық сақтау министрлігінен 2475 өтінім түскен, бұл ауру жұқтырғандардың 19%-ы, ал біржолғы әлеуметтік төлемді 1830 адам ғана алған, бұл жалпы ауру жұқтырғандардың 14,3%-ын құрайды», - деді Аманжолова сәрсенбідегі мәжіліс отырысында.
Бұл ретте ол атап өткендей, медицина қызметкері осы дерттен өлген жағдайдағы өтемақыны 197 алушының тек 25-і ғана алған.
«Қаза болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына өтемақы төлеу жағдайы бұдан да нашар. Өкінішке орай 197 медицина қызметкері көз жұмды. Денсаулық сақтау министрлігінен тек 38 ғана өтінім келіп түскен, бұл 19%-ды құрайды, ал төлем тек 25 алушыға немесе барлық қаза болғандардың 12%-на ғана аударылған», - деп атап өтті ол.
Бұл ретте депутат ҚР премьер-министрі Асқар Маминнен медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу жағын жеке бақылауына алуды сұрады.

adimage